Елдегі қызметтік қаруды сақтау ісінде кемшіліктер анықталды - ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Елде 2 - 14 ақпан аралығында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қаруды қолдану ережелерінің сақталуына арналған «Қызметтік қару» операциясы өтіп жатыр. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Аңшылық
Фото: logo Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы

Осы іс-шараның негізгі мақсаты – қызметтік қаруды пайдаланатын заңды тұлғалардың тексеру. Атап айтқанда, орталықтандырылған сақтау пункттері, қару-жарақ дүкендері, жеке күзет ұйымдары, атыс тирлері, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелері, аңшылық шаруашылықтары секілді нысандардың қызметтің қаруды сақтаудағы заң талаптарын орындауы назарға алынды.

– Жалпы, ішкі істер органдарының есебінде шамамен екі мың объекті тұр. Үш күннің ішінде 652 объекті тексеріліп, талаптарды орындамаудың 75 дерегі анықталды. Соның ішінде 55-і қару айналымы ережесін орындамауға, ал 20-сы қызметтік қаруды тіркеу тәртібін бұзуға қатысты. Мәселен, Костанайда орталықтандырылған сақтау пунктін тексеру кезінде бірқатар кемшілік анықталды. Бұл нысанның басшысы жауапқа тартылып, қару тәркіленді. Сондай-ақ осы қарудың бәрі ішкі істер органының қоймасына тапсырылды, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, аталған операция барысында полицейлер объектілердің басшылары мен қызметкерлеріне қаруды сақтау қағидаларын егжей-тенжейлі түсіндіреді.

Айта кетейік, былтыр ел аумағында заңмен тыйым салынған қару-жарақ айналымын анықтау мақсатында 400-ден астам рейдтік іс-шара өткізілді.

 

 Аружан Жәнәділ

Соңғы жаңалықтар