Елдегі алғашқы АЭС атауына қатысты 20 мыңнан астам ұсыныс жолданды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан халқы алғашқы атом электр стансасының атауына қатысты 20 мыңнан астам ұсыныс жолдады. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті. 

АЭС
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

— Нақтырақ айтсақ, қазірдің өзінде 20 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Халықтың бұл байқауға қатысуға деген қызығушылығы жоғары. Біз алдын ала талдау жасадық. Ең көп таралған ұсыныстардың негізінен үш топтама бар, — деді Алмасадам Сәтқалиев Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ұсыныстардың бірінші топтамасы географиялық орналасуға қатысты.

— Бұл ретте Балқаш, Іле немесе Үлкен деген атаулар. Мойынқұм, Мойынқұм атом электр станциясы атты ұсыныстар да бар, — деді агенттік басшысы.

Бұдан бөлек, Қазақстан халқы ұсынған атаулардың екінші топтамасы Қазақстандағы елеулі тарихи, саяси және ғылыми қайраткерлердің есімдерін қамтиды.

— Станцияға академик Шөкиннің, Батуровтың, Қаныш Сәтбаевтың, сондай-ақ Абайдың есімін беру туралы ұсыныс бар, — деді ол.

Үшінші блок техникалық және энергетикалық тақырыптарға қатысты.

— Бұл тұрғыда жарық, қуат, бейбіт атом, энергия сияқты негізгі сөздерді қолданатын әртүрлі атаулар, — деп түсіндірді Сәтқалиев.

Агенттік басшысы барлық ұсынысты этнографтар, тарихшылар, уран саласының өкілдері, блогерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары кіретін арнайы комиссия сараптап жатқанын айтты.

Еске салсақ, 25 қыркүйек күні сағат 12:00–де Қазақстанда алғашқы атом электр станциясына үздік атау беру бойынша жалпыхалықтық конкурс басталды.

Соңғы жаңалықтар