Қазақстандағы кинопрокат нарығына бірыңғай ережелер енгізу ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда кинопрокат нарығындағы бәсекелестікті дамыту үшін кинотеатрлар мен дистрибьюторлардың өзара жұмыс істеу тәртібін біріздендіру ұсынылды.
Агенттік жүргізген талдау кинопрокат нарығының 60-тан астам қатысушысының қызметін қамтыған. Зерттеу барысында саладағы бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіретін бірқатар жүйелі мәселе анықталған.
Атап айтқанда, нарықтың жоғары деңгейде шоғырланғаны белгілі болды. Нарықтағы ең ірі ойыншы — Kinopark-Kinoplexx Theatres желісі. Екінші орында Chaplin Cinemas тұр.
Сонымен қатар кейбір өңірлерде кинопрокат қызметін небәрі бір немесе екі компания көрсетеді. Агенттік мұның нарықтағы бәсекелестіктің шектеулі екенін көрсететінін атап өтті.
Агенттік анықтаған негізгі проблемалардың бірі — кинотеатрлар мен дистрибьюторлар арасындағы өзара іс-қимылдың бірыңғай қағидаларының болмауы. Фильмдерді көрсету құқығын беру шарттары кинотеатрлардың репертуарын қалыптастыруына және көрермендердің жаңа фильмдерге қол жеткізуіне тікелей әсер етеді.
Осыған байланысты Агенттік кинопрокат саласында ашық әрі барлық қатысушыға бірдей жағдай қалыптастыру үшін бірқатар шара ұсынды.
Атап айтқанда, кинопрокат қызметін жүзеге асырудың бірыңғай қағидаларын әзірлеу, дистрибьюторлар мен кинотеатрлар арасында жасалатын үлгілік шартты бекіту және нарықты мониторингтеу тетіктерін жетілдіру ұсынылды.
Агенттіктің хабарлауынша, бұл шаралар кинотеатрлар мен дистрибьюторлардың фильм контентіне тең дәрежеде қол жеткізуіне мүмкіндік беріп, олардың арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын арттырады. Сондай-ақ саладағы адал бәсекелестікті дамытуға жағдай жасайды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы кинотеатрлар желісі продюсерлерден заңсыз төлем талап еткенін жазғанбыз.