Елдегі өңдеу өнеркәсібінде қаншалықты өсім болды

АСТАНА. KAZINFORM – Қолайлы инвестициялық жағдайлар электротехникалық машина құрастыруды дамытуға ықпал етті. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.

ЖІӨ
Коллаж: Kazinform/ Canva/ Freepik

- Жыл сайын өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім қарқынын көрсетіп келеді. 2024 жылдан бастап сектордың үлесі тау-кен өндіру саласынан артып, секторлар арасындағы теңгерім өзгерді. Өсім металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, резеңке және пластмасса бұйымдары, жеңіл өнеркәсіп салаларының дамуы есебінен қамтамасыз етілді, - деді Е. Нағаспаев. 

Сонымен қатар ол шикізатты ішкі нарықта өңдеу механизмі заң жүзінде бекітіліп, отандық тауар өндірушілер мен шикізат жеткізушілердің кооперациясы бастау алғанын еске салды. Осындай кооперциялардың айқын мысалы ретінде «Қайнар» аккумулятор зауытын келтіруге болады.

- Ол қорғасынды «Қазцинк» компаниясынан жеңілдікпен сатып алып, өндірілген аккумуляторларды ішкі нарыққа да, экспортқа да шығарып жатыр. Сондай-ақ электротехникалық жабдықтар шығаратын отандық кәсіпорындар «Қазақмыс» пен «Қазақстан электролиз зауыты» өндіретін металдарды пайдаланады. «Qarmet» шығаратын металлопрокат «Silk Road Electronics» кәсіпорнына тұрмыстық техника өндіру үшін, сондай-ақ вагон жасау кәсіпорындарына жеткізіліп, оларды қажетті шикізатпен қамтамасыз етеді. Одан бөлек металл өңдеуші кәсіпорындар мен кабель зауыттары арасында шикізат жеткізу жөнінде келісімдер жасалды, - деді министр. 

Оның сөзіне қарағанда, қолайлы инвестициялық жағдайлар электротехникалық машина құрастыруды дамытуға ықпал етті. Мысалы, «Silk Road Electronics» және «Almaty turmystyq tehnika» зауыттарында өндіріс көлемі өсті. Былтыр «Silk Road Electronics» зауытында «Samsung» техникасы өндірісі іске қосылды. 

Бұған дейін былтыр елімізде өңдеу өнеркәсібідегі өсім мен инвестициялық белсенділік артқанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар
Референдум