Елдегі жылыжайлардың 76% Түркістан облысында орналасқан

АСТАНА. KAZINFORM — Елдегі жылыжайлардың 76% Түркістан облысында орналасқан. Енді облыс өнеркәсіптік жылыжайларды дамытпақ.

Теплица, жылыжай
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың айтуынша, биыл жылыжайлар көлемі 75 гектарға ұлғайып, жалпы алаңы 1 715 гектарға жетті.

— Жылыжайлардың бірінші айналымынан 102 мың тонна көкөніс жиналды. Келесі жылы көлемін қосымша 62 гектарға ұлғайтып, үлесін 80 пайызға жеткіземіз. Келес ауданында 500 гектарда «Еcoculture-Еurasia» ірі жылыжай кешені салынып жатыр. Бұл жыл бойы 240 мың тоннадан астам көкөніс өсіруге мүмкіндік береді, — деді Н. Көшеров елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров
Фото: ОКҚ

Ауыл шаруашылығы саласында атқарылған шаралар өз жемісін көрсетіп келеді. 10 ай қорытындысы бойынша 1 трлн теңгеден астам өнім өндірілген. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша Түркістан облысы республикада алғашқы орында тұр.

Айта кетейік, Түркістан облысында географиялық және климаттық ерекшеліктерге сай үш негізгі кластер — мақта-тоқыма, жүгері, және ет бағыттары қарқынды дамып келеді.

Түркістан облысында бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдар шығарылмақ.

Соңғы жаңалықтар