Елдің батысында энергия беруде шектеулер болуы мүмкін – Үкімет отырысы

АСТАНА. ҚазАқпарат – «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев бүгінгі Үкімет отырысында батыс өңірлердегі энергетикалық апаттың салдары қалай жойылып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елдің батысында энергия беруде шектеулер болуы мүмкін – Үкімет отырысы

«Сағат 9.00-дегі жағдай бойынша Атырау энергия торабында шектеу жоқ. Маңғыстау энергия торабында өндіріс нысандарында 65 мегаватт көлемде шектеу сақталып отыр. Бұл шектеулер Маңғыстау атом энергетика комбинатындағы қуаты 140 мегаватт болатын №1 блоктың өшірілуінен туындаған электр тапшылығымен байланысты.

Karabatan Utility Solutions кәсіпорнындағы қуаты 220 мегаватт стансада генерация толықтай өшірілген. Ертең сағат 12.00-ге дейін іске қосылатыны туралы мәлімет айтылып отыр.

Бүгін күні бойы электр тұтыну көлемі артқан жағдайда Орал - Атырау - Маңғыстау бағытында қуат транзитінің артық жүктелімін болдырмау үшін қосымша шектеулер енгізілуі мүмкін», - деді ол.

Сондай-ақ ол батыс аймақтың электр станцияларының жүйелік реттегіштерін тексеруді ұсынды.

«КЕГОК компаниясы Батыс энергетикалық аймақты электрмен жабдықтаудың орнықтылығын арттыру үшін қолданыстағы қосалқы стансаларды 220 киловольтқа кеңейте отырып, ұзындығы 770 шақырым болатын 220 киловольттік екінші транзит құрылысын және 220 киловольттік қосалқы тарату стансасын салып бітіреді. Нәтижесінде транзиттің өткізу қабілеті Орал - Атырау учаскесінде 100 мегаваттан 200 мегаватқа дейін, Атырау - Маңғыстау учаскесінде 50 мегаваттан 200 мегаватқа дейін ұлғаяды», - деді Қаныш Молдабаев.

Еске салайық, кеше кешке Атырауда бірнеше шағынауданда жарық сөніп қалған болатын.

Артынша жергілікті энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі электр қуатының өшу себебін айтты.

Сағат 21.30-да Атырау облысы әкімдігі жарықтың жанғанын хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Маңғыстау атом энергетика комбинатында туындаған жағдай бойынша мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.