Елдің әр өңірінде медициналық check up қанша тұрады
АСТАНА. KAZINFORM — Әр өңір тұрғынына толық тексеруден өту қаншаға түсетінін Kazinform агенттігінің тілшісі анықтап көрді.

«Сау адам болмайды, тек толық тексерілмеген адам ғана бар» деген сөз бар. Бұл сөздің жаны бар. Өйткені сіз дұрыс өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылдансаңыз да, денсаулығыңызда белгілі бір аурулар пайда болуы мүмкін. Кейбірі аса қауіпті емес, ал кейбірі өмірге қатер төндіреді. Қауіпті зардаптардың алдын алуға ерте диагностика көмектеседі.
Сонымен қатар ұзақ уақыт бойы ешқандай белгі бермейтін аурулар бар. Симптомы болмайды, адам тіпті денсаулығында кінәрат барын білмейді. Ал дабыл қағар белгілер пайда болғанда, кеш болып кетуі мүмкін. Сондықтан дәрігерлер күтпей, уақытылы check up, яғни толық тексеруден өтіп тұруға кеңес береді. Әсіресе отбасында қатерлі ісік, диабет немесе жүрек-қан тамыр аурулары болған адамдарға өте маңызды.
Check up-тың түрлері әртүрлі: бірнеше сағатта өтетін базалық тексеруден бастап, бірнеше күнді қажет ететін кеңейтілген тексеру бар.
Қазақстан өңірлеріндегі бағаларды салыстыра кетсек. Айта кетейік, тексерістен өту құны алынатын анализдердің санына және медициналық мекемеге байланысты өзгеріп отырады.
Көбіне қазақстандықтар нақты бір органға немесе жүйеге қатысты check up таңдайды. Мысалы: жүрек-қан тамыр жүйесі, қалқанша без, диабетке, онкологияға, бүйрекке, асқазан-ішек жолдарына, аллергияға, паразиттерге арналған check up. Елдің барлық аймағында мұндай зерттеулердің бағасы орта есеппен 17 мыңнан 60 мың теңге аралығында құбылады. Кейбір өңірлерде тіпті кеңсеге жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған арнайы check up бар, ол шамамен 50 мың теңге тұрады.
Салыстыру үшін жалпы ағзаны тексеруді – ерлерге және әйелдерге арналған check up-ты қарастырсақ.
Check up-қа неге кіреді?
Мысалы, Көкшетаудағы «Ерлер денсаулығы» check up-ына: қанның жалпы талдауы, зәр талдауы, қант мөлшері, жалпы ПСА, еркін ПСА, жамбас ағзаларының УДЗ, урологтың қарауы, гормоналды фон (ФСГ, ЛГ, пролактин, тестостерон, ТТГ), спермограмма, андрологтың қарауы, жыныстық инфекцияларды анықтау кіреді.
Ал «Әйелдер денсаулығы» check up-ына: қан және зәр талдауы, СА-15-3 (сүт безі ісігінің онкомаркері), СА-125 (аналық бездің онкомаркері), микрофлораға жағынды, жамбас ағзаларының УДЗ, сүт бездерінің УДЗ, кольпоскопия, гинекологтың қабылдауы, гормоналды фон (ФСГ, ЛГ, эстрадиол, пролактин, тестостерон, кортизол, прогестерон), жыныстық инфекцияларды анықтау және венеролог қабылдауы кіреді.
Әйелдерге арналған check up бағасы өңірлерде:
Ең арзан баға: Ақтөбеде: 15 000 тг-ден басталады.
Павлодар – 27 400 тг-ден, Қарағанды – 40 000 тг-ден, Астана – 43 400 тг-ден.
Жезқазған мен Петропавлда орташа баға – 45 000 тг-ден.
Қымбат баға: Орал – 62 410 тг-ден, Көкшетау – 69 400 тг-ден, Семей – 69 900 тг-ден.
70 мыңнан жоғары: Тараз, Шымкент – 74 100 тг, Қызылорда – 77 590 тг.
Ең қымбат баға: Өскемен – 82 797 тг-ден, Алматы – 90 000 тг-ден, Түркістан – 113 120 тг-ден, Қостанай – 200 235 тг-ден.
Ерлерге арналған check up бағасы өңірлерде:
Ең арзан баға: Ақтөбеде: 15 000 тг-ден.
Павлодар – 26 000 тг-ден, Алматы – 29 000 тг-ден.
Орташа баға: Жезқазған – 35 000 тг-ден, Қарағанды – 37 000 тг-ден, Астана – 41 880 тг-ден.
Қымбат баға: Көкшетау – 57 600 тг-ден, Орал – 62 220 тг-ден, Семей – 69 900 тг-ден, Тараз – 70 000 тг-ден, Қызылорда – 77 590 тг-ден, Шымкент – 82 404 тг-ден.
Ең қымбат: Өскемен – 106 558 тг-ден, Түркістан – 110 360 тг-ден, Петропавл – 118 322 тг-ден, Қостанай – 184 595 тг-ден.

Айта кетелік Ұлытау облысында Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы жұмыс тобы құрылады.