Электромобильге арнайы белгі тағылмаса қанша айыппұл салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде электромобильдерге арнайы тану белгісін тағу міндетті. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма төрағасы Мұрат Иманбаев айтты.

электромобиль
Фото: ҚазСтандарт

«Жол жүру ережесінде анық жазылған. Электромобильдер арнайы тану белгісін тағуы керек. Адамдар «Ш» тану белгісімен шатыстырып жатады, ондай белгі ерікті түрде тағылады. Ал электромобильдерге арнайы белгіні жабыстыру міндетті саналады. Олай болмаған жағдайда, әкімшілік жаза қарастырылған», - деді ол ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Әкімшілік полиция комитетінің басшысы Қайсар Сұлтанбаев бұл талапты бұзғандарға қанша сомада айыппұл салынатынын атап өтті.

«Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелердің» 9-тармағына сай, электромобильдерге қабырғасы бір жүз елу миллиметр жасыл түсті шаршы түрінде және қара түсті 7.22 жол белгісінің рәмізі бейнеленген «Электромобиль» тану белгісі көліктің артқы жағына жабыстырылады. Бұндай тану белгісін тақпаған жүргізушілерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 620-бабына сай бірінші рет ұсталғанда ескерту беріп, қайталанған жағдайда 3 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған», - деді комитет басшысы.

Қайсар Сұлтанбаев «Электромобиль» тану белгісін тағу талабы әуелде электрмен жүретін көлік жүргізушілерінің өздеріне ыңғайлы болуы үшін енгізілгенін атап өтті. Себебі электр машинасын қуаттандыруға болатын арнайы орындар болады, онда басқа көліктер тұрмауы тиіс. Инспекторлар әлгі тану белгісін көрсе, өз жөнімен жүре береді. Ондай тану белгісі жоқ көліктің тұрғанын көрсе, ол жерден көлікті алдыруға әрекет жасайды.

«Сондықтан электр қуатымен жүретін көлік иелері бірінші кезекте мұндай белгінің болуына өздері мүдделі болуы керек», - деп түйді сөзін Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.

Айта кетейік, елімізде «Жасырын патруль» жүйесі енгізіліп жатыр.

Сондай-ақ бұдан былай адам тасымалымен тек жеке тасымалдаушы ретінде тіркелген тұлғалар ғана айналыса алатын болады.

Одан бөлек, қысқы маусымда жазғы доңғалақпен жүрген жүргізушіге қанша айыппұл салынатынын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар