Электронды үкіметтен ақ хакерлерге дейін: Қазақстанның цифрлық даму жолы
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру, цифрлық қаржы жүйелерін дамыту, жеке деректерді қорғау тетіктерін жетілдіру – мұның бәрі елдің цифрлық трансформацияға деген тұрақты бағытын көрсетеді. Алайда бұл үдеріс тек жетістіктермен шектелмейді. Ақпараттық қауіпсіздік, киберқауіптер, адами капиталдың тапшылығы секілді өзекті мәселелер де күн тәртібінде. Осы бағыттар бойынша «TSARKA R&D» ЖШС директоры Руслан Тургульдинов пікір білдірді.

eGov – халықаралық деңгейдегі цифрлық бастама
Қазақстанның электронды үкімет жүйесі бүгінде халықаралық сарапшылардың оң бағасына ие. БҰҰ-ның 2022 жылғы деректеріне сәйкес, еліміз электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша әлемдегі 193 елдің ішінде 24-орында тұр.
– Қазіргі таңда халықтың 93%-дан астамы электронды мемлекеттік қызметтерді eGov порталы арқылы ала алады. Бұл – үлкен жетістік. Шетелден келген әріптестеріміз де біздің цифрлық деңгейімізге таңданыс білдіреді. Бізде eGov қана емес, сонымен қатар финтех, банк жүйесі, әлеуметтік сервистер – барлығы жоғары деңгейде цифрландырылған, – дейді сарапшы.
Пандемия – цифрландырудың катализаторы
COVID-19 пандемиясы цифрлық шешімдердің маңыздылығын нақты көрсетті. 2019–2020 жылдары азаматтардың мемлекеттік қызметтерге онлайн қол жеткізуі шұғыл қажеттілікке айналды. Осы кезеңде әлеуметтік жәрдемақыларды онлайн рәсімдеу секілді шешімдер енгізілді.
– Бұл жылдардағы тәжірибе цифрлық үкіметтің шапшаң дамуына серпін берді. Бірнеше айдың ішінде ондаған қызмет түрі онлайн форматқа көшті. Бірақ дәл осы кезең жаңа сын-қатерлердің де негізін қалады, – дейді Руслан Тургульдинов.
Ақпараттық қауіпсіздік – басты сын-қатер
Бүгінде басты қауіп – жеке деректердің қорғалуы мен алаяқтыққа қарсы іс-қимыл. Сарапшының айтуынша, әсіресе соңғы жылдары азаматтардың сеніміне кіріп, SMS-хабарламалар арқылы жеке мәліметтерді алуға тырысатын әлеуметтік инженерия әдістері кең таралған.
– Халықтың электронды үкіметке сенімі артқан сайын, алаяқтар да соны пайдаланып отыр. Олар 1414 сияқты танымал нөмірлерге ұқсас хабарламалар жібереді. Адамдар бұған сеніп, деректерін өздері беріп қояды. Бұл — жүйелі қауіп, – дейді сарапшы.

Мемлекеттік деңгейдегі қорғаныс жүйелері
Осы қауіптерге қарсы мемлекет кешенді тетіктерді іске қосты. «Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілері» туралы заң қабылданып, мемлекеттік және ірі жеке жүйелер үшін қауіпсіздік талаптары енгізілді. Бүгінде 50-ден астам ақпараттық қауіпсіздік бойынша жедел орталықтары осы жүйелерді бақылайды.
– Kaspi мен eGov сияқты жүйелер осы орталықтар қатарына кіреді. Бұл платформалар серверлік жабдықтардан бастап, конфигурация мен бағдарламалық шешімдерге дейін толық қауіпсіздік талаптарына сай болуы тиіс, – дейді сарапшы.
Осы орталықтар автоматтандырылған режимде жүйелерді бақылайды және кез келген күмәнді әрекеттерді Мемлекеттік техникалық қызметке хабарлайды.
Tumar One және «ақ хакерлер» заңы
2023 жылы Қазақстанда «ақ хакерлер» туралы заң қабылданып, цифрлық қауіпсіздікті жаңа деңгейге шығарды. Бұл заң – тәуелсіз зерттеушілерге ұлттық жүйелердің осал тұстарын анықтауға және мемлекетке хабарлауға мүмкіндік береді.
– Біз әзірлеген Tumar One платформасында бүгінде 3 000-нан астам тіркелген зерттеуші бар. Олар egov.kz, банктер және басқа да ірі платформаларды тексереді. Осалдықтар табылған жағдайда, олардың деңгейіне қарай 20 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін сыйақы алады, – дейді сарапшы.
Бұл жүйе киберқауіпсіздікке азаматтық қоғамның қатысуын қамтамасыз етіп, ашықтықты арттырады.
Nomad Guard: жеке деректерге азаматтық бақылау
Қазіргі таңда Nomad Guard сервисі eGov Mobile жүйесіне енгізіліп жатыр. Бұл платформа арқылы кез келген азамат өзінің жеке деректерінің интернетте жарияланған-жарияланбағанын тексере алады.
– Бұрын деректердің таралуы туралы азаматтар ештеңе білмейтін. Енді олар өз деректерінің қауіпсіздігіне көз жеткізе алады. Сонымен қатар, платформа арқылы мемлекеттік органдарға арыз беруге мүмкіндік болады, – дейді Руслан Тургульдинов.
Қазақстандық өнімнің жаһандық нарықтағы мүмкіндігі
Цифрлық өнімдерде шекара жоқ. Отандық WebPT сервисі — веб-сайттарды қорғауға арналған шешім — бүгінде Австралия, Польша, Сингапур мен АҚШ-та қолданылады.
– Біз өнімді Астанада отырып әзірледік. Клиенттер әлемнің түкпір-түкпірінен іздеп, сатып алады. Бұл — бәсекеге қабілеттіліктің нақты көрсеткіші, – дейді сарапшы.
Осылайша, Қазақстан цифрлық трансформацияны дәйекті түрде жүзеге асыруда. Электрондық үкімет, киберқауіпсіздік, кадрлық дайындық және инновациялық экожүйе – осы төрт бағыт елдің болашақтағы цифрлық келбетін қалыптастырады. Мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам өзара әрекеттесу арқылы бұл салада тұрақты әрі қауіпсіз дамуға қол жеткізе алады.
Еске салатын болсақ, электронды үкімет жүйесінде елеулі өзгерістер болатыны туралы бұған дейін хабарлаған едік.