Елена Рыбакина Әбу-Даби турнирінде камбэк жасап, ширек финалға шықты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Әбу-Даби (БАӘ) WTA 500 турнирінің ширек финалына жолдама алды. 

Елена Рыбакина
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 68-орында тұрған 23 жастағы америкалық Кэти Волынецпен шеберлік байқасты.

Қарсыластар осыған дейін 2022 жылы Ролан Гаррос турнирінде кездесіп, онда Рыбакина 6:4, 6:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық теннисшінің жиі қателескенін пайдаланған Волынец 5:1 есебімен алға кетті. Ақыры ол есесін жібермеді – 6:2. 

Екінші сетті Елена брейкпен тәмамдады – 6:4. 

Үшінші, шешуші партияны Рыбакина брейкпен бастады – 2:0. Есеп 5:3 болып, матчқа доп бергенімен, ол мүмкіндігін пайдалана алмады. Дегенмен ойынды тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:4.

Екі сағат 27 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Рыбакина 7 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың төртеуін құр жібермеді. Волынец 1 эйс, 4 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.

- Матч өте қиынға түсті. Әсіресе, бірінші сет ауыр болды. Дегенмен соның бәріне қарамай, ойынның менің пайдама шешілгеніне қуаныштымын, - деді Рыбакина. 

Елена жартылай финалға шығу үшін әлемнің 33-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін финалисі, тунистік Онс Жабер немесе рейтингіде 837-сатыдағы жапониялық, 17 жастағы Вакана Сонобэнің қай жеңгенімен таласады. 

Өткен жылы осы жарыста финалда ресейлік Дарья Касаткинаны 6:1, 6:4 есебімен жеңген Е.Рыбакина жеңімпаз атанған еді. Биыл сол чемпиондық атағы мен рейтингілік ұпайын қорғауы тиіс. 

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 21-ракеткасы Юлия Путинцева екінші айналымда рейтингіде 37-орындағы чехиялық, 2023 жылғы Уимблдон чемпионы Маркета Вондроушоваға жол берді – 2:6, 3:6. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Үндістанда турнирдің 4-ракеткасын жарыс жолынан тайдырғанын жазған едік. Сондай-ақ бес қазақстандық жас теннисші Еуропа рейтингісінде ТОП-100-ге кірді. 

Соңғы жаңалықтар