Елена Рыбакина Берлин турнирінде әлемнің 5-ракеткасымен шеберлік байқасады
АСТАНА. KAZINFORM – 16-22 маусым аралығында өтетін Берлин (Германия) WTA 500 турнирінің жеребесі тартылды. Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Елена Рыбакинаға алғашқы айналымда әлемнің 5-ракеткасы, Париж Олимпиадасының чемпионы, қытайлық Чжэн Циньвэнь тап болды.

Қарсыластар осыған дейін үш рет кездесіп, соның екеуінде Е.Рыбакина жеңіске жеткен.
Лондон WTA 500 жарысында Е.Рыбакинаны ұтқан германиялық Татьяна Мария әлемнің 8-ракеткасы, америкалық Мэдисон Кизді 6:3, 7:6 (7:3) жолдан ығыстырып, финалға жолдама алды. Ал Чжэн Циньвэнь жартылай финалда америкалық Аманда Анисимоваға жол берді – 2:6, 6:4, 4:6.
Биыл Берлин додасының жүлде қоры 925 661 еуроға бағаланған. Жекелей сында жеңімпаз атанған теннисші 142 610 еуро табыс тауып, 500 рейтингілік ұпайға қол жеткізеді.
Өткен жылы финалда ресейлік Анна Калинскаяны қапы қалдырған америкалық Джессика Пегула үздік шыққан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Лондон турнирінде чемпиондық атақ үшін таласатынын жазған болатынбыз.