Елена Рыбакина Дохада әлемнің 1-ракеткасына жол берді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Доха (Қатар) WTA 1000 турнирінің финалында жеңіліп қалды.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік байқасты.
Қарсыластар осыған дейін өзара төрт рет кездессе, соның үшеуінде Е.Рыбакина жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық спортшы екі брейк жасап, 4:1 есебімен алға кеткенімен, азулы қарсыласы қарап қалмады – 4:4. Рыбакина тағы бір брейк жасап, сетке доп бергенімен, ол мүмкіндігін пайдалана алмады – 6:6. Сосын тай-брейкте есе жіберді – 6:7 (8:10).
Екінші сетте И.Швентек брейкпен алға шықты – 3:1. Содан кейін есепті 5:2-ге жеткізді. Ақыры матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2.
Екі сағат 15 минутқа созылған тартысты бәсекеде Е.Рыбакина 3 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың үшеуін ғана пайдаланды. Польша теннисшісі 2 эйспен бірге 5 брейкке (10 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Осылайша, Ига Швентек Қатардағы Доха додасында үшінші жыл қатарынан чемпион атанды.
Енді Е.Рыбакина алдағы аптада Дубайда дәл осындай жарыста бақ сынайтын болады.
Еске сала кетейік, Елена Рыбакинаның Дубай WTA 1000 турниріндегі қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.