Елена Рыбакина Қатардағы турнирде Олимпиада чемпионын ұтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Доха (Қатар) WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты. 

Елена Рыбакина
Фото: ktf.kz

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы үшінші айналымда әлемдік рейтингіде 26-орында тұрған қытайлық Чжэн Циньвэньмен кортқа шықты. 

Жарақатынан жазылып, кортқа оралған қытайлық теннисші кезінде рейтингіде 4-орынға дейін көтеріліп, сондай-ақ Париж Олимпиадасының чемпионы атанған еді. 

Қарсыластар осыған дейін өзара үш рет кездесіп, соның алғашқы екеуінде Рыбакина жеңген еді. Алайда 2024 жылы WTA қорытынды турнирінде Циньвэнь қарымта қайырған. 

Аустралия ашық чемпионатында жеңімпаз атанған Е.Рыбакина бүгінге дейін қатарынан сегіз ойында жеңіске жеткен болатын.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:2 болған мезетте Циньвэнь брейк жасап, сол басымдылықты сақтап қалды — 6:4.

Екінші сетте Рыбакина 4:1 есебімен алға кетті. Сосын тағы бір брейкпен түйіндеді — 6:2.

Қазақстандық теннисші шешуші, үшінші партияны да брейкпен бастады — 2:0. Есеп 5:2 болып, доп қабылдағанда, Рыбакина матчболдан мүлт кетті. Сосын өз геймін беріп қойды. Дегенмен ойынды тағы бір брейкпен аяқтай алды — 7:5.

Екі сағат 28 минутқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 6 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Циньвэнь 9 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) ерекшеленді. 

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, канадалық Виктория Мбокомен таласады. Ол тартысты матчта әлемнің 7-ракеткасы, ресейлік Мирра Андрееваны жолдан тайдырды — 6:3, 3:6, 7:6 (7:5).

Өткен жылы Е.Рыбакина ширек финалға дейін жетіп, онда әлемнің 2-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекке есе жіберген болатын. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Дохадағы турнирдің үшінші айналымына жолдама алғанын жазған едік.

Сондай-ақ Анна Данилина Доха турнирінің ширек финалына шықты.

Роттердам турнирінде Александр Бублик азулы қарсыласынан айласын асырды

Соңғы жаңалықтар