Елена Рыбакина Қытайдағы турнирдің жартылай финалына жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Елена Рыбакина Нинбо (Қытай) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шықты. 

Елена Рыбакина
Фото: Sports.kz

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген Рыбакина ширек финалда рейтингіде 104-орындағы аустралиялық Айла Томляновичпен шеберлік байқасты.

Осыған дейін өзара кездесулерінің соңғы екеуінде Елена жеңіске жеткен еді. Бұл жолы Рыбакина бірінші партияда айқын басымдылық танытты - 6:2. Екінші сетте тіпті бет қаратқан жоқ - 6:0.

Бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде Елена 7 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Томлянович 1 брейкпен шектелді.

Елена финалға шығу үшін әлемнің 8-ракеткасы, италиялық Жасмин Паолинимен таласады. Ол рейтингіде 14-орындағы швейцариялық Белинда Бенчичті жолдан тайдырды – 5:7, 7:5, 6:3.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 13-ракеткасы Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге жартылай финалдан тыс қалды. Олар ширек финалда америкалық Николь Меличар-Мартинез — ресейлік Людмила Самсоноваға жол берді – 5:7, 1:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Қытайдағы жарыстың ширек финалына өткенін жазған едік. 

Сондай-ақ Қазақстан теннистің дамуы жөнінен әлемдегі үздік 10 елдің қатарына кірді.

Соңғы жаңалықтар