Елена Рыбакина Мадридте 18 жастағы теннисшіні жеңіп, ширек финалға шықты
МАДРИД. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Мадрид WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты.

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 136-орында тұрған чехиялық, 18 жастағы Сара Бейлекпен кортта алғаш рет кездесті.
Матч брейк алмасумен басталғанымен, Рыбакина ойынын тез түзеп, 4:1 есебімен алға шықты. Сетті жарты сағатта тағы бір брейкпен бітірді – 6:1.
Екінші партияда есеп 3:2 болған мезетте Елена брейк жасағанымен, Бейлек сол бойда қарымта қайырды. Дегенмен қазақстандық спортшы тағы бір брейктен кейін үшінші матчболын мүлт жіберген жоқ – 6:3.
Бір сағат 16 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина эйс жасамағанымен, 10 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Бейлек 1 эйс, 2 брейкпен (14 брейк-пойнт) шектелді.
Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 11-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткина немесе рейтингіде 50-сатыдағы тағы бір қазақстандық Юлия Путинцеваның қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Мадридте камбэк жасап, төртінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.
Қазақстандық жас теннисші Грузиядағы жарысты жеңіспен бастады.