Елена Рыбакина Монреаль турнирінің финалына бір қадам жетпей тоқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Монреаль (Канада) WTA 1000 турнирінің финалына шыға алмады.

Елена Рыбакина Лондон турнирінің жартылай финалынан тыс қалды
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші жартылай финалда WTA рейтингісінде 85-орында тұрған 18 жастағы канадалық Виктория Мбокомен шеберлік байқасты.

Өткен айда қарсыластар Вашингтон WTA 500 турнирінде кездесіп, онда Рыбакина 6:3, 7:5 есебімен ұтқан еді.

Осы дода барысында әлемнің 2-ракеткасы, америкалық Кори Гауфты 6:1, 6:4 есебімен жеңген В.Мбоко осал емес-ті. Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:1 есебімен басым түсті.

Екінші сетте стадион толы жанкүйердің қолдауымен жергілікті спортшы есе қайырды — 7:5.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте Рыбакина брейкке қол жеткізіп, өз геймін де қоса алды — 4:2. Бірақ есеп 5:4 болып, өзі доп бергенде, матчболын мүлт жіберді — 5:5.

Бұдан кейін қарсыластар тағы брейк алмасты — 6:6. Тай-брейк канадалық спортшының пайдасына шешілді — 7:6 (7:4).

Екі сағат 46 минутқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 5 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды.

Мбоко 4 эйс, 6 брейкпен (10 брейк-пойнт) ерекшеленді. В.Мбоко финалда әлемнің 19-ракеткасы, даниялық Клара Таусон немесе рейтингіде 49-сатыдағы жапониялық, «Үлкен дулыға» турнирлерінің төрт дүркін чемпионы Наоми Осаканың қай жеңгенімен бас жүлдені сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Германиядағы турнидің ширек финалына шыққанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар