Елена Рыбакина Вашингтон турнирінің жартылай финалына жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Вашингтон (АҚШ) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шықты.

Елена Рыбакина
Фото: olympic.kz

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда әлемдік рейтингіде 24-орында тұрған Польша өкілі Магдалена Френхпен ойнады.

Осыған дейін қарсыластар екі мәрте кездесіп, онда Рыбакина ұтқан еді.

Бұл жолы Елена 6:3, 6:3 есебімен басым түсті.

Бір сағат 20 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 7 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Френх есебінде 2 эйс болғанымен, 3 брейк-пойнттан ештеңе шығара алмады. 

Елена Рыбакина финалға өту үшін әлемнің 36-ракеткасы, 22 жастағы канадалық Лейла Фернандеспен таласады.

Вашингтонда жекелей сында чемпион атанған теннисші 197 570 АҚШ долларына қоса 500 рейтингілік ұпайға қол жеткізеді.

Өткен жылы мұнда испаниялық Паула Бадоса үздік шыққан еді.

Қазақстандық теннисші жұптық сында ұлыбританиялық Эмма Радуканумен бірге финалдан тыс қалды. Олар жартылай финалда доданың 2-ракеткалары, америкалық Тэйлор Таунсенд – қытайлық Чжан Шуаймен сынға түсіп, бірінші партияда есеп 1:4 болғаннан кейін матчты жалғастырудан бас тартты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын 17 жастағы Әмір Омархановтың алғаш рет Қазақстан чемпионатының финалына өткенін жазған едік.

Сондай-ақ Зарина Дияс Португалиядағы жарыстың жартылай финалына өтті. 

Александр Бублик екінші рет қатарынан топырақ төсенішіндегі турнирдің финалына шықты.

Соңғы жаңалықтар