Елена Рыбакина жылдың қорытынды турниріне жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Токио (Жапония) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шықты. 

Елена Рыбакина жылдың қорытынды турниріне жолдама алды
Фото: ҚТФ

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда рейтингіде 23-орында тұрған канадалық, 19 жастағы Виктория Мбокомен бетпе-бет келді.

Елена Рыбакина үшін бұл матчтың маңызы зор еді. Осы кездесуде ұтса, ол қараша айында Эр-Риядта өтетін жылдың қорытынды турниріне жолдама алатын еді.

Бірінші партияда Елена 6:3 есебімен басымдылық танытты.

Екінші сетте тай-брейкте Елена Рыбакина есесін жібермеді — 7:6 (7:4).

Бір сағат 26 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 4 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Мбоко 2 эйспен шектелді.

Осылайша, қазақстандық теннисші WTA чемпиондық кестесінде ресейлік Мирра Андрееваны ығыстырып, 8-орынға көтерілді. Сөйтіп ол үздік сегіз спортшының қатарында қорытынды жарысқа жолдама алды.

Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 17-ракеткасы, чехиялық Линда Носковамен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Токио турнирінің ширек финалына жолдама алғанын жазған едік.

Сондай-ақ Бублик Вена турнирінің ширек финалында әлемнің 1-ракеткасымен кездесуі мүмкін екендігі жазылды.

Соңғы жаңалықтар