Елімізде алғаш рет білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау басталды
Бірінші болып Ақтөбе облысындағы 4 колледждің, яғни Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі, Ақтөбе гуманитарлық колледжі, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі, Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің директоры қайта тағайындалды. Шешімді мемлекеттік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау жөніндегі комиссия қабылдады.
Колледждердің жаңа директорларының алдына білім беру сапасын арттыру және кадрларды даярлауды күшейту міндеттері қойылды.
«Өткен жылы министрлік мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау ережелерін бекітті. Бұған дейін үлкен жұмыс атқарылды, нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді. Биыл біз мектептер мен колледждердің директорларын ротациялауды бастадық. Бір ұйымда 15-20 және одан да көп жыл жұмыс істейтін менеджерлер бар. Бұл уақыт ішінде олардың тиімділігі төмендейді. Ротацияның оң әсерлері туралы осыған дейін де айтылды. Мысалы, бұл бірден бірнеше білім беру ұйымында тиімді басқарушылардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, егер адам көп жылдар бойы бір ұйымды басқарса ондай мәселе туындауы мүмкін», – деп атап өтті бірінші вице-министр Шолпан Каринова.
Ереже бойынша ротация бір білім беру ұйымында 4-7 жыл жұмыс істейтін балабақшалардың, мектептердің, колледждердің директорларына қолданылады. Бұл ретте бір білім беру ұйымында 4 жыл қызмет атқаратын бірінші басшы ротациядан бас тарта алады. Бірақ егер директор 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады.
Айта кетейік, өңірлердің білім басқармалары білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды бір елді мекен ішінде жүргізеді. Сонымен қатар қайта тағайындау бір типтегі ұйымдардың басшылары арасында жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, ротация кезінде бірінші басшылардың біліктілік санаты сақталады.
Ротация институты білім беру ұйымдарындағы менеджментті жақсартуға және бірінші басшылардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.