Елімізде балаларға қатысты 400-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл елімізде балаларға қатысты 400-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Жұманалин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Алда жаз, каникул, балалардың бос уақыты көп болады. Осы орайда балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу шарасын өткізу маңызды. Балалар көбіне үлкендерден немесе ата-анасынан көргенін істейтінін ұмытпаған жөн. Мысалы, арнайы белгісі жоқ жолдан өте салады. Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 400-ден астам жол-көлік оқиғасы болды. Бүгінде еліміз бойынша білім беру мекемелері маңындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету - басты назарда. Оның ішінде арнайы жол белгілерін орнату да бар», - деді Жасұлан Жұманалин министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.

Министрлік өкілінің айтуынша, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын «Абайлаңыз, балалар!», «Қауіпсіз жол», «Мектепке жол» және тағы басқа жедел профилактикалық шаралар өтіп тұрады.

Одан бөлек, спикер биыл Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылы аясында бірқатар шара өтетінін еске салды.

«Балалар жылы аясында өткізетін шаралардың арнайы жоспарын құрдық. Олар имидждік, әскери-патриоттық, қайырымдылық және профилактикалық мақсатты көздейді. Қазір кейбір іс-шаралар өтіп жатыр», - дейді ол.

Бұған дейін білім мекемелерін лаңкестік әрекеттерден қорғаудың арнайы нұсқаулығы бекітілгені айтылды. Сондай-ақ, елімізде балаларға қарсы жасалатын қылмыс 17%-ға азайған.


Соңғы жаңалықтар