Елімізде 10 және одан да көп банк картасы бар клиенттерге тексеру күшейтілді
АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпараты бойынша, елімізде заңсыз жолмен табылған ақшаны заңдастыру үшін 6 мыңнан астам «дроп-карталар» пайдаланылған. Бұл туралы JIBEK JOLY арнасы хабарлады.
Бұл алаяқтықтың алдын алуға бағытталған шара. Олардың айналымы 24 миллиард теңгеге жеткен. «Дроптар» дегеніміз — бұл банктік шоттар арқылы алаяқтық жолмен табылған қаржыны аудару үшін қолданылатын жалған тұлғалар. Яғни делдалдар. Алаяқтар интернет-банкингке қашықтан қол жеткізу мақсатында байланыс операторларының басқа адамдарға тіркелген SIM карталарын пайдаланады. Көбінесе «дроп-карталар» есірткі саудасы, кибералаяқтық, заңсыз құмар ойындар және басқа да қылмыстық әрекеттерде қолданылған. Мұндай карталардың иелерінің 90%-дан астамы шетелдіктер болған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасын қабылдағанын жазған болатынбыз.