Елімізде 2030 жылға қарай 236 мыңнан астам мұғалім қажет болады – Дархан Ахмед-Заки
ОРАЛ. KAZINFORM – ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки Орал қаласында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде өңірдің ғылыми қауымдастығы өкілдерімен кездесіп, Қазақстанда ғылым мен жоғары білім беруді дамыту мәселелері туралы әңгімелеп берді.
Дархан Ахмед-Заки министрліктің 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмысын қорытындылап, негізгі жетістіктерін жиналғандар назарына ұсынды.
Өз баяндамасында сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік бастамалар туралы айтты. Вице-министр тоқталған негізгі бағдарламалардың қатарында 2023-2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамытудың тұжырымдамасы, сондай-ақ жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар.
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы аясында жасанды интеллектті енгізуге және цифрлық технологияларды дамытуға ерекше назар аударылды. Дархан Ахмед-Закидің пікірінше, бұл елдің білім беру және ғылым саласын табысты дамыту үшін маңызды элемент болмақ.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда ресми статистикаға сәйкес жоғары демографиялық өсім байқалады. 2019 жылдан бастап 2022 жылға дейін бала туудың өсуін ескергенде, 2040 жылға қарай 18 жастағы балалардың екі есе артуын болжауға болады. Бұл мемлекеттің бірінші мамандық алуға жұмсайтын шығыстарының өсу серпініне алып келеді, өйткені елде мемлекеттік бюджет қаражаты білім беру жүйесін қаржыландырудың негізгі көздерінің бірі болып табылады.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау аясында сараланған грантты енгізу, білім беру несиесін беру тәсілдері әзірленді. Бұл тәсілдер 2030 жылға қарай жоғары білімге жылына 150 мыңнан астам мектеп түлектеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді, олардың үлгерімі, ғылыми жетістіктері мен әлеуметтік мәртебесін ескере отырып, 30 пайыздан 100 пайызға дейін грант беріледі.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, педагогикалық кадрларды даярлаудың сапасын арттыру үш бағыт бойынша жүзеге асырылады.
«Бірінші. Астананы қоса алғанда өңірлерді олардың қажеттіліктеріне сәйкес педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда еліміздің жоғары оқу орындары алдағы төрт жылда ағымдағы сұранысты ескере отырып, оқытушылар даярлауға дайын. 2030 жылға қарай елімізде 236 мыңнан астам мұғалім қажет болады», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, қысқа және ұзақ мерзімді жоспарлар бар. Сонымен, биылғы жылы Астана қаласы үшін педагогтарды даярлау мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттерінің бірлескен бағдарламаларын іске қосу жоспарланған.
Екіншіден, жаңа формациядағы педагогтарды даярлау және қайта даярлау қолға алынады.
Бүгінгі таңда университеттің білім беру бағдарламалары «Педагог» кәсіби стандарты мен мектепке дейінгі және орта білім берудің мемлекеттік білім беру стандартын ескере отырып құрастырылған.
«30 жаңа инновациялық білім беру бағдарламасы әзірленді, оларды ауқымды ету үшін биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап республика бойынша 49 жоғары оқу орнының 1 800 оқытушысы білім алуда. Бұл бағдарламалар қазіргі көзқарастан түбегейлі ерекшеленеді. Оларда студенттердің ғылыми-зерттеу және цифрлық құзыреттіліктерін дамытуға баса назар аударылған. Инклюзивті педагогиканың мазмұны мен пәндерді оқыту әдістемесі жаңартылды. Жыл соңына дейін арнайы педагогика мамандығы бойынша мамандар даярлайтын 14 жоғары оқу орны инклюзия кабинеттерімен және 25 жоғары оқу орны пәндік кабинеттермен жабдықталады», - дейді Д.Ахмед-Заки.
Үшіншіден, педагогикалық білім берудің институционалдық трансформациясы бағытында ерте кәсіптік бағдар беру және кәсіптік кеңесшілерді оқыту бойынша жұмыс басталды.
«Даярлау бағдарламалары minor мен микробіліктіліктерден құралған модельдер жиынтығы ретінде қайта қарастырылып отыр. Ол колледж бітірген түлектерге жоғары оқу орындарында қысқартылған бағдарламалар бойынша білім алуға мүмкіндік береді. Педагогтарды оқытудың тәжірибеге бағытталған сипаты және PGCE курстары арқылы педагогтарды қайта даярлау моделі күшейтіледі», - деді вице-министр.