Елімізде 350 мың адам құмар ойынды жүйелі түрде ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM — Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев елімізде миллион лудоман бар деген ақпаратты жоққа шығарды.

— Біздің деректер бойынша, 350 мың азамат жүйелі түрде ойнайды, бұл олардың барлығы лудоман дегенді білдірмейді. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен зерттеулерімізге сәйкес, құзырлы ведомствоның анықтамасы бойынша 36 мың адам лудоман, яғни тәуелді. Біз халықаралық тәжірибені де зерттедік және жүйелі түрде ойнайтындардың шамамен 10%-ы тәуелді екенін анықтадық. Көптеген елде осы көрсеткіш, бізде де сол шама. Ал біздің елде миллион лудоман бар деген мәліметтер расталмады, шындыққа жанаспайды, — деді Ержан Еркінбаев Сенат қабырғасында өткен іс-шара барысында.
Вице-министр ұсынған мәліметке сүйенсек, лудоманиямен күресу мақсатында өткен жылы шілдеде де ойын бизнесі мен лотерея бойынша заңнамаларға түзетулер енгізілді.
Жалпы 8 кодекс пен 14 заңға 150-ге жуық түзету енгізілді, атап айтқанда:
• букмекерлер жарнамасына шектеу қою;
• мемлекеттік қызметші мен қарызы бар адамдардың құмар ойындарға қатысуына тыйым салу;
• 21 жасқа толмаған азаматтарға шектеу қою;
• ойын бизнесі субъектілерін жауапкершілікке тарту;
• онлайн-казинолар транзакцияларын бұғаттау.
— Шілде мен қыркүйек аралығында заңның жаңа нормаларын түсіндіру бойынша жұмыс жүргізілді. Жарты жылдың өзінде бағыттың дұрыс екені байқалып, нәтижесін беріп жатыр, — дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде құмар ойынға әуес мемлекеттік қызметкерлерді автоматты түрде анықтайтын арнайы жүйе әзірленіп жатыр.
Айта кетейік, бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары ойын бизнесі және елімізде лотереяға қатысты қабылданған заңнамаға енгізілген өзгерістерді іске асыру барысын талқылады.
Еске сала кетсек, қазақстандықтар өзін 10 жылға дейін құмар ойындардан шектей алады.