Елімізде 6 мыңнан астам дроппер туралы мәліметтер анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Бас прокуратура банк картасы, жеке шот немесе жеке деректі үшінші тұлғаға берудің салдарын айтып, қылмыстық жауапкершілік енгізілетінін ескертті.

- Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде интернет-алаяқтық пен есірткі құралдарының заңсыз айналымына тартылған 50 мыңнан астам азамат бар. Істеліп жатқан жұмыс аясында Бас прокуратура қылмыс жасауға жәрдемдескен 6 мыңнан астам дроппердің кім екенін анықтады. Қазір Парламент Сенатында заң жобасы мақұлдау рәсімінен өтіп жатыр. Онда дропперлердің өздерінің төлем құралын үшінші тұлғаға заңсыз, материалдық сыйақы алу мақсатында бергені үшін қылмыстық жауаптылық көзделеді (Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы), - делінген хабарламада.
Бас прокуратура таратқан ақпаратқа сүйенсек, аталған заңсыз әрекет тек қаржылық шектеуге ғана емес, сондай-ақ 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғуы мүмкін.
Дропперлер үшін салдары:
* барлық банк шоты алаяқтық іс ретінде бұғатталады;
* күдікті тұлға тізіліміне енгізіледі және қаржылық қызмет көрсету шектеледі;
* нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
- Бұл жауапкершілік жеке банк шоты, соның ішінде шетелдік шотын қылмыстық схемаларда пайдалануға ұсынған шетел азаматтарына да қолданылады. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 232-1-бабына сәйкес, егер адам құқыққа қарсы схемаға тартылғанын түсініп, бұл туралы уәкілетті органдарға өз еркімен хабарлап, қылмыстың ашылуына белсенді ықпал етсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Егер сіз бұған дейін өз шотыңызды үшінші тұлғаға берген болсаңыз, ықтимал құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу үшін банк бөлімшесіне дереу жүгініңіз немесе онлайн-банкинг арқылы картаны өзіңіз бұғаттаңыз, - деп ескертеді еліміздің Бас прокуратурасы.
Бұған дейін Қазақстанда интернет алаяқтарға құрбандық тауып беретін дропперлерге қылмыстық жаза күшейтілетіні туралы жазған едік.