Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Елімізде 6 мыңнан астам мектеп террористік тұрғыда осал — Оқу-ағарту министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 8 028 мектеп жұмыс істейді. Олардың ішінде 6 254 білім ордасы террористік тұрғыда осал. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінен мәлім етті. 

Елімізде 6 мыңнан астам мектеп террористік тұрғыда осал — Оқу-ағарту министрлігі
Фото: Алматы әкімдігі

Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 30 наурыздағы бұйрығына сәйкес, мектептердегі терроризмге қарсы қауіпсіздіктің міндетті элементтеріне мыналар кіреді:

— камералары ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйесі;

— дабыл түймелерін орнату;

— лицензиясы бар күзет қызметімен келісімшарт жасасу;

— ғимаратқа кіруді бақылау және басқару жүйелерімен қамтамасыз ету.

2025 жылдың соңында Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, барлық мектептің терроризмге қарсы қорғаныс талаптарына іс жүзінде сәйкестігін тексерген.

— Әкімдіктер мен өңірлік полиция департаменттерінің деректеріне сәйкес, терроризм тұрғысынан осал объектілер санатына жататын мектептер 100 пайыз терроризмге қарсы қорғаныс талаптарына сәйкес келеді. Бүгінде терроризм тұрғысынан осал объектілер саналатын барлық 6 254 мектеп терроризмге қарсы қауіпсіздік бойынша белгіленген талаптарға сәйкес жабдықталған, — делінген ведомствоның агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.

Сонымен қатар министрдің бұйрығына сәйкес, мектептерде әр жарты жылда кемінде екі рет қызметкерлердің, педагогтер мен оқушылардың қатысуымен төтенше жағдай қаупі туындаған кездегі іс-қимылдар бойынша оқу-жаттығулар өткізіледі.

Бұған дейін мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына бақылау күшейтілгенін жазған едік.