Елімізде әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін тану тетігі енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту аясында әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін тану тетігі енгізіліп отыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Биылдан бастап арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау кезінде біліктілікті тану туралы сертификаттың болуы міндетті шартқа айналды.
Министрліктің мәліметінше, бүгінде 1 641 маман біліктілікті тану рәсімінен сәтті өтті. Сертификатталған әлеуметтік қызметкерлердің ең көп саны Батыс Қазақстан (362) және Шығыс Қазақстан (355) облысында тіркеліп отыр.
Қазір елімізде жалпы 12,2 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді, олардың 6,7 мыңнан астамы ауылдық жерлерде еңбек етіп жатыр. Мамандардың басым бөлігі үйде қызмет көрсетуге тартылған (86,4%).
Қызмет сапасын арттыру және кадрлық әлеуетті дамыту мақсатында жыл сайын әлеуметтік қызметкерлерді даярлауға 350 білім беру гранты бөлінеді.
Одан бөлек, БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен Skills.enbek.kz цифрлық платформасында жаңа оқу модульдері әзірленді. Қазір заманауи кейс-менеджмент және цифрландыру стандарттары бойынша 10 мыңнан астам маман қашықтан оқыды.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған жаңа тәсіл мамандардың кәсібилігі мен нақты біліктілігіне басымдық берілетін заманауи әлеуметтік көмек жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың мәлімдеуінше, 10 мың әлеуметтік қызметкердің бейінді мамандығы жоқ.