Елімізде апта ішінде болған кадрлық ауыс-түйіс

АСТАНА. KAZINFORM – Өтіп бара жатқан апта ішінде еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. 

Елімізде апта ішінде болған кадрлық ауыс-түйіс
Фото: freepik.com

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімдерімен:

Серік Жақсығалиұлы Борамбаев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды. Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды;

Қанат Серікқалиұлы Ниязбеков Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды.

Серік Борамбаев 1969 жылғы 16 сәуірде Павлодар қаласында дүниеге келген. 1990 жылы Киев жоғары әскери-теңіз саяси училищесін тәмамдаған.

Еңбек жолы:

1990–1992 жж. – Қызыл Ту орденді Каспий флотилиясы әскери бөлімдерінде қызмет атқарды;

1992–2004 жж. – жергілікті әскери басқару органдарында қызмет етті;

2004–2005 жж. – ҚР ҚМ Әскери-теңіз институты бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары – тиісті бөлімнің бастығы;

2005–2007 жж. – РФ Қорғаныс министрлігі әскери оқу орнында тыңдаушы;

2007–2008 жж. – «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы басқармасының аға офицері;

2008–2011 жж. – Әскери-теңіз институты бастығының орынбасары, штаб бастығы;

2011–2013 жж. – 29011 әскери бөлімінің командирі – Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының орынбасары;

2013–2014 жж. – Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы;

2014–2015 жж. – ҚР ҰҚК ӘК академиясының тыңдаушысы;

2015–2016 жж. – Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары – тиісті бөлімнің бастығы;

2016–2019 жж. – ҚР ҚМ Ақпарат және коммуникациялар департаментінің бастығы;

2019 ж. маусым – қараша – ҚР ҚК Бас штабының тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы;

2019–2022 жж. – ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы;

2022–2023 жж. – ҚР ҚМ тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы;

2023–2024 жж. – ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары – аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы.

Қанат Ниязбеков Абай облысының Аягөз қаласында дүниеге келген. Б.Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернетты, Калининград жоғары әскери-теңіз училищесін, Санкт-Петербордағы Н.Кузнецов атындағы Әскери-теңіз академиясын бітірген. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің теңіздегі күзет кемесі командирінің көмекшісі қызметінен ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – бас штаб бастығы лауазымына дейінгі еңбек жолынан өткен.

Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы орынбасары қызметіне Жасын Біркенов тағайындалды. 

Бұл қызметке келер алдында ол 2022–2023 жылдары «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің бас директоры болды, одан дейін «24 KZ» телеарнасының директоры қызметін атқарған.

Жасын Біркенов 1989 жылы 30 сәуірде туған. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Журналистика» мамандығы бойынша білім алған.

Жұмыс тәжірибесі:

2008-2010 жж. – «Қазақстан» РТРК» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының редакторы, редактор-үйлестірушісі

03.2010-09.2010 жж. – «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің муниципалды телерадиокомпаниясы» КММ тілшісі

2010-2011 жж. – «Қазақстан» РТРК» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының телебағдарламалар шығару бойынша шығармашылық қызметінің редакторы

2011-2012 жж. – «Қазақстан» РТРК» АҚ тілшісі

01.2013-10.2013 жж. – «Телекомпания ЭРА» ЖШС ақпараттық бағдарламалар департаментінің тілшісі

2014-2015 жж – «ERA Television Company» ЖШС ақпараттық бағдарламалар бөлімінің тілшісі

2015-2021 жж. – «Хабар» Агенттігі» АҚ «Хабар 24» арнасының тілшісі, меншікті тілшісі (Өзбекстан мен Украинада), бас редакторы, бас редакторы

2022-2023 жж. – «Атырау Ақпарат» ЖШС бас директоры

2023 жылдың 16 қазанынан «Хабар» Агенттігі» АҚ «24 KZ» арнасының директоры болып тағайындалды. 

Үкімет қаулысымен Асылбек Амантайұлы Ахметжанов Оқу-ағарту вице-министрі болып тағайындалды. 

Ол 1993 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазақ технология және бизнес университетін бітірген.

Еңбек жолын 2016 жылғы қаңтарда Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру басқармасы сарапшысының міндетін атқарушысы ретінде бастады.

2016–2018 жылдары — Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Электрондық үкіметті» және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту департаменті Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру басқармасының сарапшысы.

2018–2019 жылдары — Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Электрондық үкіметті» және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту департаменті Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жетілдіру саясаты басқармасының бас сарапшысы.

2019–2021 жылдары — Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Цифрландыру және ақпараттандыру департаменті Ақпараттандыру және мемлекеттік қызметерді автоматтандыру басқармасының басшысы.

2021–2024 жылдары — Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Цифрлық трансформация департаменті директорының орынбасары.

2024–2025 жылдары — Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Цифрландыру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер департаментінің директоры.

2025 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ЦДИАӨМ Архитектура және цифрлық трансформация саясаты департаментінің директоры қызметін атқарды.

Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы болып Эрик Абенұлы Байжүнісов тағайындалды. 

Эрик Абенұлы 1965 жылғы 26 сәуірде Алматы облысында дүниеге келген. Жоғары медициналық білімі бар (Алматы мемлекеттік медицина институты, 1988 ж.), философия докторы (PhDr) дәрежесіне және іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесіне ие. Ағылшын тілін еркін меңгерген.

Жалпы еңбек өтілі — шамамен 35 жыл, оның 11 жылдан астамы мемлекеттік қызметте.

Эрик Абенұлы дәрігер-хирургтен бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министріне дейінгі жолдан өтті. Облыстық денсаулық сақтау басқармаларында, Денсаулық сақтау министрлігінде және әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде басшылық қызметтер атқарды. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығын, сондай-ақ Салидат Қайырбекова атындағы денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығын басқарған.

Қызмет жолында «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Құрмет» медалімен, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, сондай-ақ II дәрежелі «Еуразиялық экономикалық одақты құруға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған.

Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің жаңа басшысы қызметіне Бегали Сапаралиев келді. 

Бегали Сапаралыулы 1977 жылы Маңғыстау облысында туылған. Мансабын сот жүйесінен бастап, Маңғыстау облысының әділет департаменттерінде түрлі басшылық қызметтер атқарды.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Бейімбет Мусин БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. 

Бейімбет Мәлікұлы 1985 жылы БҚО, Ақжайық ауданында дүниеге келген.

Білімі жоғары. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін ауыл шаруашылығын электрлендіру және автоматтандыру, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін экономика, сондай-ақ ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына сәйкес магистратураны электр энергетикасы және тұрақты энергетика мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен қатар ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік басқару мамандығы бойынша докторы.

Әр жылдары «МТС-Құрылыс» ЖШС электригі, «Батыс Қазақстан Қуат Сервис» ЖШС инженер-электригі, осы серіктестіктің материалдар бойынша координаторы және сапаны бақылау бойынша маманы, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы энергетиканы дамыту бөлімінің бас маманы болды. Оған қоса Алматы қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы перспективті даму бөлімінің бас маманы, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы энергетиканы дамыту бөлімінің басшысы лауазымында қызмет етті.

Тағайындауға дейін БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары болды.

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне жаңа басшы тағайындалды. Басқарма төрағасы – ректордың міндетін атқарушы қызметіне Әлібек Нұртаев бекітілді.

Әлібек Нұртаев 1982 жылы Түркістан облысының Шардара ауданында дүниеге келген.
2006 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, 2021 жылы Шымкент университетін тәмамдаған. Мамандығы – дене шынықтыру пәнінің оқытушысы және спорт түрлері бойынша жаттықтырушы, мемлекеттік басқару бакалавры, педагогика ғылымдарының магистрі.

ҚР спорт шебері, сондай-ақ жауынгерлік самбодан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағына ие.

Еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысының туризм және спорт басқармасында бас маман болып бастаған.

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан облысы және Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармаларын басқарған.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын директоры, Шымкент қаласындағы Олимпиадалық резервті даярлау орталығының басшысы, сондай-ақ Түркістан облысының «Тұран» футбол клубының бас директоры қызметтерін атқарған.

«Қайрат» футзал клубының бас бапкері қызметіне бразилиялық маман Даниэл Жуниор тағайындалды. 

Бразилиялық маман Бразилияның Санта-Катарина штатына қарасты Тубарау қаласында дүниеге келген. Ойыншы ретінде мансабын «Унисул» командасында бастады. 2006 жылы аталған клубта бас бапкердің көмекшісі болды. Одан кейін «Ульбра», клубында аталған қызметін жалғастырса, «АБК», «Шашьенсе», «Мафра», «Капивари» и «Жоинвилле» командаларында бас бапкер болды.

Оның басшылығымен командалар Санта-Катарина және Парана штаттарында чемпион атағын жеңіп алды. Жастар арасында ел біріншілігі мен Бразилия кубогын төбесіне көтерді. Сондай-ақ ол өз елінің жасөспірімдер құрамасына басшылық етіп, Оңтүстік Америка чемпионаты мен Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырына көтерілді. 

Болгариялық маман Николай Костов «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері атанды. 

Бұған дейін 63 жастағы маман тәжірибелі жаттықтырушы Кипр, Украина, Қазақстан және Болгария клубтарында қызмет етті. 2002 жылы «Анортосиспен» Кипр кубогын жеңіп алған.

Қазақстанда «Шахтер» (Қарағанды) мен «Каспий» (Ақтау) клубтарын жаттықтырды.

Бұған дейінгі жұмыс орны - Болгарияның «Левски» футбол клубы. 2023-2024 жылдары бапкер команда тізгінінде 35 ойынның 19 жеңіп, 7 ойында тең түсіп, 9 ойында жеңіліс тапқан. 

Соңғы жаңалықтар