Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.
Апта басында Нұрбол Ботабеков Жетісу облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Нұрбол Төлендіұлы 1989 жылы туған. Жоғары білімді. Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін көлік, көлік техникасы және технологиясы, Д.Қонаев атындағы көлік құқық гуманитарлық университетін құқықтану, Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтын құрылыс мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын Қазақстан Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің Алматы облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің жетекші маманы болып бастап, кейін бас маманы болды.
Әр жылдары Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары лауазымдарын атқарды.
2022 жылдың қаңтарынан Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы әкімшілік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы болды.
*
Түркістан облысы Төлеби ауданының әкімі болып Еркеғали Амантайұлы Әлімқұлов тағайындалды.
Еркеғали Әлімқұлов 1981 жылы, 6 маусымда Төлеби ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары, мамандықтары: кеден ісі, құқықтану, экономика.
Еңбек жолын 2003 жылы жылы ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі аймақтық бөлімшелердің жұмысын үйлестіру басқармасында жетекші маман ретінде бастаған.
ҚР Индустрия және сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау комитетінде, Бәсекелестікті қорғау агенттігінде жұмыс істеген.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы, ҚР Парламенті Мәжілісінің ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі, Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы, ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры, «AMANAT» партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары болған.
2022 жылы Астана қаласы әкімдігінің «Astana» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы болды.
2023 жылдың қаңтар айынан бері Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып келді.
*
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы болып Қазбек Тәшімов тағайындалды.
Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Қазбек Қазиханұлы ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Ол 1980 жылы Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Каменка ауылында дүниеге келген.
2001 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «ветеринариялық санитария» мамандығы бойынша бітірген. 2005 жылы сол университетте «Құқықтану» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды.
Кәсіби қызметін 2002 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Тасқала аудандық аумақтық басқармасының жетекші маманы қызметінен бастады. 2005-2011 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы әкімінің аппаратында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды.
2011 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринария бөлімін басқарды, ал 2015 жылы Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының басшысы болып тағайындалды.
2017 жылдан 2021 жылға дейін Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
2021-2024 жылдар аралығында Маңғыстау облысының Ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды.
*
БҚО полиция департаментінің кадрлық құрамында өзгерістер болды.
ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен БҚО полиция департаментінің жаңа орынбасарлары тағайындалды.
Полиция полковнигі Абылайхан Серіков БҚО полиция департаменті бастығының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары болды.
Абылайхан Серікұлы ішкі істер органдарында 1997 жылдан бастап қызмет етеді.
Еңбек жолын учаскелік полиция инспекторы лауазымынан бастап, басшы лауазымдарға дейін көтеріліп, Қаратөбе және Ақжайық полиция бөлімдерін басқарды.
Бұған дейін ол БҚО ПД бастығының жалпы мәселелер бойынша орынбасары қызметін атқарған.
Абылайхан Серіков жедел қызметтердің жұмысына, атап айтқанда, криминалдық полиция, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі қылмысына, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармаларына жетекшілік етеді.
Сонымен қатар, полиция полковнигі Қуат Қарағойшиев БҚО полиция департаменті бастығының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.
Қуат Амангелдіұлы ішкі істер органдарында 1996 жылдан бастап қызмет етеді.
Полиция қызметіндегі еңбек жолында қарапайым бухгалтерден БҚО ПД қаржымен қамтамасыз ету басқармасының бастығы лауазымына дейін көтерілді.
Қуат Қарағойшиев тылды басқару және қаржымен қамтамасыз ету, ақпараттандыру және байланыс басқармасының жұмысына жетекшілік етеді.
*
ҚР Орталық сайлау комиссиясының жаңа екі мүшесі тағайындалды.
Азамат Мақсотұлы Айманакумов Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындалды;
Михаил Михайлович Бортник Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі лауазымына тағайындалды.
Аталған екі азамат Мемлекет басшысының Жарлықтарымен қызметінен босатылған Сәбила Сапарқызы Мұстафина мен Константин Викторович Петровтың орнына мүше болды.
*
Даулет Райстанов Абай облысы Жарма аудандық полиция бөлімінің бастығы болып тағайындалды.
Даулет Райстанов ішкі істер органдарында 2008 жылдан бері қызмет етіп келе жатыр, әртүрлі, оның ішінде басшылық лауазымдарды атқарып, мол тәжірибе жинаған маман.
*
Әнуар Қайыргелдіұлы Күмпекеев Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалды.
Әнуар Қайыргелдіұлы Күмпекеев М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін экономика бакалавры мамандығы бойынша бітірді. 2007 жылы Брэдфорд университетінде, Ұлыбритания, экономикалық саясат магистрі дәрежесін алды, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» стипендиясының түлегі.
Еңбек жолын 2005 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Экономика және қаржы департаментінің жетекші маманы болып бастады. 2007 жылғы қазаннан бастап «Қазақстан Республикасы биотехнология ұлттық орталығы» РМК стратегиялық даму департаментінің директоры, Маркетинг және коммерциализациялау департаментінің директоры болып қызмет атқарды. 2008 жылғы қыркүйектен бастап коммерциялық құрылымдарда әртүрлі басшы лауазымдарда жұмыс жасады. 2009 жылғы желтоқсаннан бастап «ТҮКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ департамент директоры, 2011 жылғы шілдеден басқарма мүшесі — басқарушы директоры.
2012 жылғы шілдеден Ақмола облысы Степногорск қаласы әкімінің орынбасары, 2015 жылғы мамырдан Степногорск қаласының әкімі, 2018 жылғы тамыздан Павлодар қаласының әкімі лауазымдарын атқарды.
2019 жылғы қазаннан бастап «Транстелеком» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі. 2020 жылғы қазаннан бастап қазіргі уақытқа дейін «Транстелеком» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды.
2024 жылғы 29 тамыздан бері Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып келді.