Елімізде апта ішінде қандай кадрлық өзгерістер болды

АСТАНА. KAZINFORM — 23-29 қараша аралығында еліміздің мемлекеттік органдары мен өңірлік басқармаларында, сондай-ақ ұлттық компанияларында бірқатар кадрлық өзгеріс болды. Апта ішіндегі тағайындауларға шолуды назарыңызға ұсынамыз.

Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: freepik.com

Бұл аптаның дүйсенбі күні Айбек Сыдықов ҚР Президенті Іс басқарушысының орынбасары болып тағайындалды.

Ол 1983 жылы Алматыда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын 2006 жылы «Алматы қаласы тарихы музейі» КМҚК-да экскурсия жүргізушісі болып бастаған. 2007–2015 жылдары — «Алматы қаласы тарихы музейі» КМҚК ғылыми қызметкері, директордың орынбасары, директоры; 2015–2016 жылдары — «Алматы қаласы музейлерінің бірлестігі» КМҚК директоры; 2016–2022 жылдары — «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы мемлекеттік музейі» РМҚК мұражай бөлімінің басшысы, директордың орынбасары; 2022–2025 жылдары — ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» РМҚК директорының орынбасары болды. 2025 жылдың қаңтарынан 2026 жылдың 23 қарашасына дейін ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі болып қызмет атқарды.

Сонымен қатар, апта басында Алматы әкімінің өкімімен Әзиз Қажденбек қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Ол 1993 жылы 24 сәуірде Қызылорда облысында дүниеге келген. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтын тәмамдаған.

Әзиз Қажденбек әр жылдары Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу дирекциясында, ALT University және UIB білім беру ұйымдарында, Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорында басшылық қызметтер атқарған. 2023 жылы наурыздан бастап Алматы қаласы жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары, ал 2024 жылдың тамызынан биылғы 23 қарашаға дейін осы басқарманың басшысы қызметін атқарды.

Ал сейсенбі, 24 қарашада «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешімімен Ерсайын Нағаспаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.

Ол Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары Инвестициялар комитетінде, Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінде жұмыс істеген. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінде, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК-да басшылық қызметтер атқарған. Сондай-ақ Қарағанды облысы Шахтинск қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, «Астана» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы лауазымында болған. 2021–2025 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры болып жұмыс істеді. 2025 жылы ақпаннан бастап биылғы 24 қарашаға дейін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарды.

Дәл осы күні Түркістан облысында екі маңызды тағайындау болды.

Атап айтқанда, Жанат Тоғайбекова ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды. Айта кетейік, оның денсаулық сақтау саласындағы еңбек өтілі 27 жыл.

Ал Асқар Әбубәкіров Түркістан облысы туризм басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Ол 1983 жылы 19 наурызда дүниеге келген. 2004 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Халықаралық экономика» мамандығы бойынша үздік бітірген. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік және өзбек тілдерін меңгерген. Әр жылдарда жауапты қызметтерде болған ол 2026 жылғы қаңтардан бастап осы тағайындауға дейін Open Turkistan туристік ақпараттық орталығы» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарды.

Сәрсенбі, 25 қарашада Алматының жастар саясаты басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Аталған басқарманы Мирас Нысанәлиев басқарады.

Ол 1985 жылы 12 наурызда дүниеге келген. 2006 және 2008 жылдары М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін тәмамдаған. Жоғарыда аталған лауазымға келгенге дейін дәл сол басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Ал апта соңында Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасына жаңа басшы келді. Облыс әкімінің өкімімен Төлебек Болатұлы Күлекеев Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

Аталған қызметке келгенге дейін ол 2026 жылғы сәуірден бастап «ALMA6» ЖШС директоры болып жұмыс істеген.

Еске салайық, бұған дейін елімізде өткен апта ішінде қандай кадрлық өзгерістер болғанын жазғанбыз.