Елімізде апта ішінде қандай кадрлық өзгерістер болды

АСТАНА. KAZINFORM – 16–22 қараша аралығында еліміздің мемлекеттік органдары мен өңірлік басқармаларында, сондай-ақ мәдениет және спорт салаларында бірқатар кадрлық өзгеріс болды. Kazinform агенттігі апта ішіндегі тағайындауларға шолу ұсынады.

Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

16 қарашада Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Ирменов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

Марат Ирменов 1993 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, 1996 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің институтын, 2000 жылы Халықаралық құқық және нарық академиясын тәмамдаған.

1996–2000 жылдары ұлттық қауіпсіздік органдарында жедел қызметте, ал 2000–2025 жылдары басшылық қызметтерде жұмыс істеген.

2025 жылғы қазаннан бастап ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

2019 жылы Президент Жарлығымен оған ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы берілген.

Бауыржан Шәлекенов ҚР Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының Ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Мемлекет басшысының өкімімен Ренат Айтаев ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Ренат Құрметжанұлы 1976 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. 1998 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін инженер-экономист мамандығы бойынша, 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1998 жылы бастаған. Әр жылдары мемлекеттік кірістер, кедендік бақылау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, индустрия және сауда салаларында басшылық қызметтер атқарған.

Үкімет қаулысымен Ғани Нығыметов ғылым және жоғары білім вице-министрі болып тағайындалды.

Ғани Нығыметов 1983 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, АҚШ-тағы Монтерей халықаралық зерттеулер институтын және Назарбаев университетін тәмамдаған.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Сенат Аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. 2024 жылғы сәуірден бастап Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры болған.

Әділет Тұрғанбаев туризм және спорт вице-министрі болып тағайындалды.

Әділет Тұрғанбаев 1988 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Қазақстан мен Сингапурдағы жоғары оқу орындарында білім алған. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.

Еңбек жолын 2010 жылы бастаған. Әр жылдары Мәдениет және спорт министрлігінде, Премьер-министр Кеңсесінде және туризм саласында қызмет атқарған. Жаңа лауазымға дейін Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетін басқарған.

Жантас Оспан Атырау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Ол Атырау мұнай және газ институтында, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде және Алматы менеджмент университетінде білім алған.

Еңбек жолын 2004 жылы бастаған. Мұнай-газ саласында түрлі қызмет атқарып, кейін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында жұмыс істеген. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасын басқарған.

17 қарашада Біржан Көшербаев Солтүстік Қазақстан облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Ол Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданында дүниеге келген. Ұлттық бизнес институтын «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы саласында бастаған. Кейін облыс әкімінің бас инспекторы, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары және облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. Тағайындалғанға дейін жеке кәсіппен айналысқан.

Нұрсұлтан Ермекбаев Фармация комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды.

Нұрсұлтан Әлімбайұлы 1992 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Астана медицина университетінде фармация, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтары бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2017 жылы Фармация комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде бастаған. 2026 жылғы шілдеден бастап департамент басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Питер Левен «Елімай» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды.

Питер Левен 1983 жылы 27 қыркүйекте Шотландияның Глазго қаласында дүниеге келген.

Әр жылдары «Абердин», «Оренбург» және «Динамо» (Брест) клубтарының бапкерлік штабында жұмыс істеген. 2025 жылы Шотландия кубогын жеңіп алған «Абердин» клубының бапкерлік штабында болған.

Футболшы ретінде «Килмарнок», «Глазго Рейнджерс» және Шотландия жастар құрамасында өнер көрсеткен.

18 қарашада Құрманбек Жұмағали Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының президенті болып тағайындалды.

Ол еңбек жолын 2004 жылы бастаған. Әр жылдары «Қазақстан» РТРК-да басшылық қызметтер атқарып, Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының басшысы, «Қазақ радиоларының» директоры болған.

2019–2021 жылдары «Астана», 2021–2023 жылдары «31 арна» телеарналарының бас директоры қызметін атқарған. 2023 жылғы шілдеден бастап Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы болған.

Әлтайыр Қожахметов Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры болып тағайындалды.

Еңбек жолын Санкт-Петербургте оркестр әртісі болып бастаған. Кейін Жамбыл атындағы филармонияда Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің әртісі және филармонияның бас әкімшісі қызметтерін атқарған.

2024 жылдан бастап Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы директорының шығармашылық қызмет жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. 2025–2026 жылдары аталған ұйым директорының міндетін атқарған.

Ғанижан Асанұлы Экология және табиғи ресурстар министрлігі аппаратының басшысы болып тағайындалды.

Ғанижан Асанұлы 1986 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Қаржы полициясы академиясын, Ұлыбританиядағы King’s College London оқу орнын және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.

Еңбек жолын 2008 жылы қаржы полициясы органдарында бастаған. Әр жылдары Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде түрлі қызметтер атқарған.

2022–2023 жылдары Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің сектор меңгерушісі, ал 2023 жылдан Мемлекеттік қызмет бөлімінің сектор меңгерушісі болған.

19 қарашада Марат Қожаев ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып сайланды.

Шешім Түрікменстанда өткен комиссия отырысында қабылданды. Жиын ТМД Парламентаралық Ассамблеясының 61-пленарлық отырысы аясында ұйымдастырылды.

Бұған дейін Kazinform агенттігі 9–15 қараша аралығында болған кадрлық өзгерістерге шолу жасаған еді.