Елімізде балабақша кезегі үш есе қысқарды
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 11,8 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйымдарда 1 миллионнан астам бала тәрбие-білім алады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлайды.

— 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту деңгейі 93,1%-ға жетті, жыл соңына дейін көрсеткіш 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру жүйесінің енгізілуінің нәтижесінде жыл басынан бері балабақша кезегі 44%-ға қысқарды. Соңғы екі жылда балабақша кезегі үш есе қысқарды, — делінген министрлік таратқан хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай, ваучерлік қаржыландыру механизмі қызмет сапасын арттырып қана қоймай, мектепке дейінгі білім беру саласындағы ашықтықты қамтамасыз етті.
— Аталған жүйені енгізудің нәтижесінде 11 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Қазір жоба елдің 20 қаласы мен 7 ауданында іске асырылып жатыр. Қыркүйектен бастап жыл соңына дейін ваучерлік қаржыландыру барлық балабақшада кезең-кезеңімен енгізіледі. Сонымен қатар жаңа балабақшалар салу мен жұмыс жасап тұрған балабақшалар есебінен кеңейту арқылы жүзеге асырылып жатыр. Тек осы жылы 179 жаңа мектепке дейінгі ұйым ашылды, ал соңғы 6 жылда олардың саны 1600-ге артты. Биыл 260 мемлекеттік балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы нығайтылды, — дейді ведомстводан.
Одан бөлек, мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған консультациялық пункттер желісі кеңейтіліп жатыр.
— Жыл басынан бері олардың саны 4,2 мыңнан 5,5 мыңға дейін артты. Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік тілді ерте жастан меңгеруге бағытталған «Тілге бойлау» бағдарламасы мен «Беске дейін үлгер» жобасы кеңінен енгізіледі. Бұл жобалар бұған дейін еліміздің 5 өңірінде сынақтан өткізілген болатын. Осы уақыт ішінде 135 балабақшада 7 мыңнан астам бала мемлекеттік тілді меңгерді. Мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбие жұмысының басым бағыттарының бірі — балаларды еңбекке ерте жастан баулу. Осы мақсатта қыркүйек айынан бастап пилоттық режимде 100 балабақшада 12 мың баланы қамтитын жаңа жоба іске қосылады, — деп хабарлайды министрлік.
Айта кетейік, бүгін елімізде білім күніне орай барлық мектепте салтанатты іс-шара өтті.