Елімізде есірткі қолданатын 18 мыңнан астам адам бақылауда тұр

есірткі
Фото: Жамбыл облысы ПД

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев есірткіге масайсып көлік руліне отыратын жүргізушілерге бақылауды күшейтіп, тізім құруды ұсынды.

«Бізде есірткі қолданып көлік жүргізген жағдайда, 15 күнге қамайды және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырады. Бірақ, ол азаматтармен әрі қарай жұмыс істелмейді. Менің білуімше, тіркеуге алмайды, олар одан әрі есірткі пайдаланып жатыр. Біз оларды бақылауға алып, тізімін жасауымыз керек», - деді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Халық қалаулысы көтерген мәселеген қатысты Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары пікір білдірді.

«Қазір елімізде есірткі қолданатын 18 296 адам динамикалық бақылауда тұр. Соның ішінде сіз айтып отырған адамдар да бар. Қазір Ішкі істер министрлігімен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Ол жұмыс бойынша қосымша ақпарат беруге дайынбыз», - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев есірткі қолданып көлік руліне отыратындар жүргізуші куәлігінен айрылуымен қатар есепке алынатынын және олармен тиісті жұмыс жүргізілетінін айтты.

Бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Трамадолдың сатылымы 90%-ға төмендегенін мәлім еткен еді.

 

Соңғы жаңалықтар