Елімізде қасқыр санын кім реттейді, шығынды кім өтейді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Елімізде қасқыр мен шибөрі атуға рұқсат берілді. Қазақстанда жыртқыш аң аулау тәртібі қандай? Малға қасқыр шапса, шығынды кім өтейтінін Kazinform тілшісі анықтады.

қасқыр
Фото: Pixabay

Рұқсат онлайн беріледі

Қазақстанда қасқыр атуды Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті үйлестіреді.

Жергілікті жерлерде бұл жұмысты орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы атқарады.

Инспекция қасқыр атуды жергілікті атқарушы орган және аңшылық шаруашылық, шаруа қожалықтарымен бірге, ақылдаса отырып іске асырады. 

аңшы
Фото: Pexels

— Ақтөбеде 21 аңшылық шаруашылық бар. Жыл соңында сол шаруашылықтардан ақпарат жинаймыз. «Сіздердің аумақтарыңызда шамамен қанша қасқыр бар? Аң аулауға мүмкіндік бар ма?» деп сұрап аламыз. Одан кейін аудан әкімдерінен сұраныс түседі. «Малымыз қорада, қасқыр шауып кету қаупі бар. Ату жұмыстарын ұйымдастырыңыздар» деп хат жолдайды. Содан кейін біз аңшылық шаруашылығына қайта шығып, қасқырдан қауіп төнетін территорияларды айтамыз. «Осындай аумақта қасқыр бар, ату керек» деп. Бір аңшы жыл ішінде тек 3 қасқыр ата алады. Қазіргі кезде рұқсат беріліп жатыр. Ол лицензия жыл соңына дейін жарамды, — деді Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділкерей Әуелбаев.

Қасқыр атуға арналған лицензия онлайн беріледі. Ол үшін аң атуға рұқсат құжаты бар аңшының ЭЦҚ болуы керек.

Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы онлайн сұраныс жіберіп, құжаттарын да тіркеуі тиіс. 

— Қазір кейбір аңшылар рұқсат ала алмай жатыр. Құжаттары түгел әрі қатесіз болуы тиіс. Аңшылық билеті, төлқұжаты, қару-жарағының құжаты дұрыс болса, олар ала алады. Кейде бір әріптен қате шығып, кері қайтарады, — деді Әділкерей Әуелбаев.

Инспекцияның мәліметіне сүйенсек, былтыр Ақтөбеде 703 қасқыр атуға рұқсат берілді. Биыл 755 жыртқыш аңды атуға болады.

аңшылық
Фото: Pixabay

Малшының да мылтығы болуы тиіс — аңшылар мен балықшылар қоғамы

Ақтөбе облыстақ аңшылар мен балықшылар қоғамының аңшылары да аң-құс, соның ішінде қасқыр да атады. 

— Өңірде қанша қасқыр бар екені туралы ақпаратты облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына тапсырамыз. Олар есебін жүргізеді. Біздің қоғамның 12 ауданда аңшылық шаруашылығы бар. Сонымен бірге өзге де аңшылық шаруашылық субьектілері тіркелген өңірде. Олар да дәл біз секілді жұмыс істейді. Қазіргі кезде бізді қоса алғанда облыста 52 аңшылық шаруашылық субьектісі бар. Олардың әрқайсысында әртүрлі аңшылық шаруашылығы тіркелген. Кейбірінде 1-2 болса, кейбірінде 10-ға жетеді, — дейді облыстақ аңшылар мен балықшылар қоғамының төрағасы Алексей Гогель.

Оның айтуынша, қасқыр ату аң аулаудың аңшылық түріне жатпайды. Егер аңшылық түріне кірсе, қоғамның өзі жолдама берер еді. Бұл жерде тек инспекция лицензия береді.

— Қасқыр саны үнемі реттеліп отырады. Бұрын аңшылық шаруашылық субьектісі инспекциямен келісіп, жолдама берді. Аңшылардың бақылауымен қасқыр атып, тіркейді. Сосын малшы немесе аңшы қасқыр атып алса, терісін әкеледі, оған ақша бөлінеді. Кейін комиссиямен қабылданып, жойылады. Ол талап шамамен 2012-2013 жылдарға дейін болды. Уақыт өте келе бұл тоқтатылды. Қасқыр атуға қаржы бөлінбеді, аңшылардың қызығушылығы төмендеді. Қасқыр атып алу өте қиын. Ол ақылды жыртқыш аң. Өте сақ. Бұрын қасқыр аулаушылардың ғана қолынан келетін іс еді. 10-15 қасқыр атқан адам жылдық табысын шығаратын. Қазір мұның бәрі артта қалды. Қысқырды мүлде жойып жіберуге болмайды. Бір кездері Еуропада қасқыр құрып кетіп, бізден алған. Оны да ұмытпаған жөн, — деді Алексей Гогель.

а
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Бұрын шопанда, жылқышыда мылтық болды. Бұл адамның ғана емес, малдың да қорғаныш құралы еді. Әрі 1-2 малды қасқыр тартып кетсе, оны шығын деп емес, қасқырдың азығы деп есептеген. 

— Күз бен көктемде қасқыр шабуы мүмкін. Ал жазда іздеп таппайсыз. Сонымен бірге қазір малға қандай да бір жануар шапса, бірден қасқыр деп ойламау керек. Ол ит те болуы мүмкін. Мұндай тәжірибемде болды. Адамдардың қасқыр деп жүргені ит болып шығып, оны ізінен анықтадық. Қазір ит қасқырдан да қауіпті болып тұр, — дейді облыстақ аңшылар мен балықшылар қоғамының төрағасы.

Алексей Гогель малшыларда да қару болған жөн деп есептейді. Себебі қасқыр атылған оқ дыбысынан ғана емес, оқ дәрісінің иісінен де қашық жүреді.

— Малды бағу, қорғау үшін мылтық керек. Малшының да мылтығы болуы тиіс. Мылтық болса қасқыр жоламайды, — деді ол.

Волк напал на трех жителей Каркаралинска
Фото: pixabay.com

Шаруалар өз малын өзі сақтандыруы тиіс

Расымен де елімізде әр шаруа өз малын өзі сақтандыруы тиіс. Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, егер шығын болса қандай да бір төлем, субсидия қарастырылмаған. 

Тек сақтандыру компаниялары арқылы өндіріп алуға болады. 

Еліміздегі сақтандыру қызметін kezekte.kz порталынан табуға болады. Мұнда оқыс оқиға тармағына жануарлардың шабуылы жайлы жазылған. 

«Оқыс оқиға: жарылыс, найзағай, электр тогы, күн немесе жылу соғуы, гипотермия, тұншығу, жануарлардың шабуылы, улы шөптер немесе заттармен улану, жылан немесе жәндіктердің шағуы, сонымен қатар, жануар суға батып кеткенде, шатқалға құлаған кезде немесе өмірге сәйкес келмейтін басқа жарақаттар алған кезде сақтанушының нақты мүліктік залал келтіретін жағдайлар» деп көрсетілген сақтандыру қызметінде.

Тек ол үшін шаруа ЭЦҚ қолданып, ай сайын белгілі бір мөлшерде ақы төлеп отыруы тиіс. Ал шаруалар болса ондай төлем жасауға құлшыныс танытқан емес. 

мал базары рынок скота овцы қойлар
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

— Мал шаруашылығында сақтандыру дамымаған, жоқ десе де болады. Тек kezekte.kz бар. Оны енді үйретіп жатырмыз. Бұл үлкен мәселе. Шаруа қожалығының бәрі тіркеле қоймайды, — деді бұған дейін Тәңірберген ауыл округінің әкімі Медет Бекжанов. 

Расымен де шаруалар белгілі бір көмек жолын, субсидия сұрағынымен сақтандыруды шығын санайды. Ал кейбір шаруалар тау-тас болмаған соң мұндай проблемалармен мүлде бетпе-бет келмеген, ол жайында ойланбаған да.

Еске салсақ, елімізде қазіргі кезде қасқыр мен шөбөрі атуға рұқсат берілген.

Бір ескерерлігі, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Ұлытау облыстарында үй жануарларына шабуыл жасалғаны жөнінде дәлелдер болса ғана аулауға рұқсат бар.

Бұл қызмет елімізде elicense.kz веб-порталында толығымен автоматтандырылған. 

Охота зима Аңшылық қыс
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар