Елімізде кәсіпкерлік бастауда қандай кедергілер бар
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл сұрақ Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында талқыланып, сала мамандары отандық бизнестің қазіргі ахуалы туралы ой бөлісті.
Кәсіпкер, мемлекеттік гранттар бойынша сарапшы Жансұлу Әнуардың айтуынша, Қазақстанда бизнесті бастау оңай болғанымен, оны ұзақ мерзімде дамыту қиындық тудырады.
— Адамның кәсіпке қатысты білімі болу керек. Эмоцияға, қиялға беріліп бизнес ашуға болмайды. Алдымен кәсіп ашудың жолын меңгеріп, мемлекеттік гранттардың қыр-сырын білу қажет. Маркетингке кететін шығынды да есептеу керек, — дейді ол.
Ресми мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері 8 964 адам грант алып, шағын бизнесін ашқан. Оның 5 539-ы — ауыл тұрғындары. Жыл соңына дейін барлығы 9 234 грант беру жоспарланған. Бұл ретте кәсіпкер, іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Айнұр Бермағанбетова Қазақстанда бизнесті қолдау деңгейі жоғары екенін атап өтті.
— 12 жыл бойы балабақша бизнесімен айналысып келемін. Әртүрлі елдің тәжірибесін көрдім. Қазақстанда бизнеске қолдау өте күшті. «Даму» бағдарламасымен төмен пайызбен несие алдым, «Атамекен» палатасы да көп көмектесті, — дейді кәсіпкер.
Оның айтуынша, бұрын бизнес-менторлық жүйе болмағандықтан, көптеген шағын кәсіптің дамуы тежелген.
— Бұрын бизнес-ментор деген түсінік болған жоқ. Қазір бастауыш кәсіпкерлерге мүмкіндік көп. Мыңдаған платформа бар. Өзім 100-ге жуық жас кәсіпкерге бағыт бердім, бірақ олардың жартысы ғана кәсіпкерлікке бет бұрды, — дейді Бермағанбетова.
Сарапшы Жансұлу Әнуар мемлекеттік грант алу жолдарын түсіндірді.

— Қазір жас кәсіпкерлерге қолдау көп. Жаңа бизнес ашамын дегендер Business.enbek.kz сайты арқылы өтінім бере алады. Гранттар қайтарымсыз, 400 АЕК немесе 1,5 млн теңге көлемінде. 3 жыл кәсіпкер статусында болу, 20% қаржысының болуы сияқты талаптар бар. Ең бастысы, жеке бас мүддесін емес, қоғамға пайдалы істі көздеу керек, — дейді ол.
Сонымен қатар кәсіпкер бизнестегі негізгі қиындықтарды да атады.
— Адам өзі дайын болмаса, мақсаты анық болмаса, бизнес тез құрдымға кетеді. Алғашқы 6 айдан 1 жылға дейін шыдау керек, содан кейін ғана нәтиже көрінеді, — дейді Жансұлу Әнуар.
Ал Айнұр Бермағанбетова кәсіптің тез жабылу себебін маман тапшылығымен және еңбекақы мәселесімен байланыстырды.
— Бұл кадр мәселесіне, олардың жалақысына қатысты. Кәсіпкер команданы өзі басқаруы керек. Өйткені бизнес дисциплинамен тікелей байланысты, — дейді ол.
Айта кетейік, енді елімізде бизнеске несие беру процесі цифрландырылады.