Елімізде қатерлі ісіктің әрбір үшінші жағдайы ерте кезеңде анықталады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда онкологиялық ауруларды анықтау үшін жасанды интеллект технологиялары кеңінен қолданыла бастады. Қазір елімізде өкпе және сүт безі қатерлі ісігін анықтауға арналған ЖИ технологиялары енгізілген. Сонымен қатар онкологиялық диагнозы бар науқастардың бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 65%-ға жетті.

Елімізде қатерлі ісіктің әрбір үшінші жағдайы ерте кезеңде анықталады
Фото: oxu.az

Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов Астана тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді.

Оның айтуынша, кейінгі уақытта онкологиялық науқастардың бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 16%-ға артқан.

— Сонымен қатар онкологиялық көмек көрсету инфрақұрылымы кеңейіп келеді. 2025 жылы Астанада протондық терапия орталығы ашылды. Ал Қазақстан өңірлерінде 16 ПЭТ-КТ орталығы жұмыс істейді. Мамандандырылған емнің қолжетімділігі де артып келеді. Сәулелік терапиямен қамту көрсеткіші 57%-дан 65%-ға дейін, ал онкологиялық ауруларды ерте анықтау көрсеткіші 33%-дан 34,6%-ға дейін өсті, — деді Рамазанов.

Еске салайық, бұған дейін алғашқы қатерлі ісікке қарсы отандық дәрі 2027 жылдың ортасында Қазақстан нарығына шығатынын жазғанбыз.