Елімізде қыздар боксы танымалдығының артуына не түрткі
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде қыздар боксының танымалдығының артуына әлеуметтік желі ықпал етіп отыр. Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген Қазақстан Бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп айтты.

- Қыздар құрамасының соңғы нәтижесіне қарайтын болсақ, өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жетістіктерге жетіп жатыр. Қыздарымыз биыл екі әлем чемпионатына қатысты. Сербияның Ниш қаласында өткен чемпионатта 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль, ал Ливерпульдағы әлем чемпионатында 3 алтын, 1 күміс медаль алды. Өздеріңіз байқағандай, сол жетістіктер TikTok, Instagram сынды әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Чемпион қыздар түрлі контент түсіреді, яғни қыздар боксы да кеңінен насихатталып, таралып жатыр. Нәтижесінде қыздар боксына сұраныс өте жоғары, - деді ол.

Осы орайда ҚБФ президенті елімізде жасөспірімдер 10 жасынан бастап қана бокспен айналыса алатындығын айтады. Ал олар жарыстарға 13 жасынан бастап қатыса алады. Бұл халықаралық стандарттарға да сай келетін жас шектеуі саналады.
- Азия чемпионаты, басқа да халықаралық жарыстарда жасөспірімдер 13 жасынан бастап қатысады. Өткен аптада министрлік (Спорт және туризм министрлігі – ред.) пен жаттықтырушылар, федерация тарапы үлкен жиын өткізді. Сол жерде жаттықтырушыларымыз министрлікке жарысқа қатысу жасын 12 жасқа түсіру туралы ұсыныс берді. Өйткені, 13 жастан жарысқа қатысуға болады. Ел ішінде де жас шектеуі болғаннан кейін жарысқа қатыстыра алмаймыз. Ал Азия чемпионатына барған боксшыларымыз көбіне дайын болмауы мүмкін. Сондықтан 12 жастан іште жарыстарға қатыстырсақ, біріншіден тәжірибе жинайды, екіншіден іріктеу болады. Демек, шын мықтыларды апаруға мүмкіндік туады. Ал ондай ішкі жарыстарға қатыспаса, 13 жасында Азия чемпионатында қиын соғады. Тәжірибе болмайды. Ішкі жарыстарға қатыспаған соң кімнің мықты, кімнің әлсіз екенін анықтау да қиын, - деді Шахмұрат Мүтәліп.


Еске салайық, Қазақстанның әйелдер құрамасы 2025 жылғы бокстан әлем чемпионатында медальдар саны бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар елдің абсолюттік жеңісіне зор үлес қосты — 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль.
Президент Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерін Әлем чемпионатындағы тамаша жеңісімен құттықтап, бұл еліміз үшін тарихи оқиға, халқымыз үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті.

- Ұл-қыздарымыз бокстың отанына барып, өздерінің нағыз мықты спортшы екенін дәлелдеді, - деді Президент.
Оқи отырыңыз, қазақстандық боксшы Балауса Муздиман Чемпиондар лигасы аясындағы «Қайрат» пен «Реал» арасындағы матчқа қатысты болжам жасады.