Елімізде колледжге қабылдау ережелері жаңартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі колледждерге қабылдаудың үлгілік ережелеріне өзгерістер енгізді.

Тиісті бұйрыққа министр 2025 жылғы 3 шілдеде қол қойды. Жаңартулар техникалық, кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларына қабылдауға қатысты.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылданады:
- Қазақстан Республикасының азаматтары;
- шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар;
- босқындар;
- баспана іздеуші тұлғалар;
- қандастар, егер оларда:
– бастауыш білімі (балет әртісі біліктілігін беретін «Хореографиялық өнер» мамандығы үшін);
– негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі;
– жоғары (жоғары кәсіби) білімі болса;
- ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғалар (білімі туралы құжаты бар).
Орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына қабылданады:
- Қазақстан Республикасының азаматтары;
- шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар;
- босқындар;
- баспана іздеуші тұлғалар;
- қандастар, егер оларда:
– бастауыш білімі (балет әртісі біліктілігін беретін «Хореографиялық өнер» мамандығы үшін) болса;
– негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі болса;
– жоғары (жоғары кәсіби) білімі болса;
- ерекше білім беру қажеттілігі бар тұлғалар (білімі туралы құжаты бар).
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім беру ұйымдарына (республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астанаға қарасты олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледждер мен спортқа қабілетті балаларға арналған интернат-мектептерді қоспағанда) арнайы мемлекеттік, құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің, сондай-ақ қызметтік міндеттерін орындау кезінде жарақат алып қайтыс болған (қаза тапқан), мүгедектік алған медицина қызметкерлерінің асыранды, өгей немесе бірге тұратын балалары конкурссыз қабылданады.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылдау келесі жағдайларда жүргізіледі:
- білікті жұмысшы кадрларды даярлауға бағытталған бағдарламалар бойынша;
- арнайы оқу бағдарламалары бойынша;
- діни (рухани) білім беру ұйымдарына;
- қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеушілерге;
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білімі бар, мамандық бейініне сәйкес келетін мамандықтарға түсушілерге.
Бұл ретте қабылдау ТжКПО ұйымының жобалық қуатына қарай жүзеге асырылады.
Қабылдау мерзімдері:
жұмысшы мамандарды даярлауға, арнайы бағдарламалар, діни ұйымдар, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі жазасын өтеушілерге:
– 25 маусым – 27 тамыз (күндізгі);
– 25 маусым – 20 қыркүйек (кешкі оқу).
орта буын мамандарын, қолданбалы бакалаврларды даярлауға:
– мемлекеттік тапсырыс бойынша (күндізгі): 25 маусым – 22 тамыз;
– ақылы негізде: 25 маусым – 27 тамыз;
– кешкі/сырттай оқу: 25 маусым – 20 қыркүйек;
– шығармашылық дайындық талап етілетін мамандықтар бойынша: 25 маусым – 20 шілде;
– педагогикалық, медициналық мамандықтар бойынша: 25 маусым – 10 тамыз.
Емтихандар:
- педагогикалық және медициналық мамандықтарға арнайы немесе шығармашылық емтихандар мен психометрикалық тестілеу – 15 тамызға дейін;
шығармашылық мамандықтарға (негізгі және жалпы орта білімі барлар) – 21–28 шілде аралығы.
Конкурс:
- өтініштерді қабылдау (негізгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі базада): 22 тамызға дейін.
Конкурсты НОБД ақпараттық жүйесі (білім, мәдениет және спорт саласына қарасты ТжКПО ұйымдарын және ҚАЖ мекемелеріндегі тұлғаларды қоспағанда) автоматты түрде жүргізеді.
Шығармашылық, педагогикалық, медициналық мамандықтарға қабылдау кезінде арнайы емтихандар нәтижесі де ескеріледі.
Конкурс мерзімі:
- мемлекеттік тапсырыс бойынша (негізгі және жалпы орта білім базасында): 23–24 тамыз;
- ақылы негізде: 28–29 тамыз;
- шығармашылық мамандықтар бойынша: 29 шілде – 2 тамыз;
- педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша: 16–17 тамыз.
Қайта бөлу:
- Егер мамандықтар бойынша топтар (кемінде 15 адам) жинақталмаса және бос орындар қалса, 28 тамызға дейін қайта бөлу жүргізіледі.
Нәтижелер:
НОБД арқылы білім басқармаларына автоматты түрде жіберіледі.
Нәтижелер жариялану мерзімі:
– ТжКПО базасында: 25 тамыз;
– өнер мен мәдениет мамандықтары бойынша: 3 тамыз;
– педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша: 18 тамыз.
Ақпарат интернет-ресурстарда және 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS хабарлама жіберіледі.
Бұйрық 2025 жылғы 21 шілдеде күшіне енеді.
Айта кетейік, елімізде медициналық колледждерге түсу ережесі де өзгерді.
Еске салсақ, колледж студенттері әлемнің 152 мемлекетінде танылған сертификат ала алады.