Елімізде мемлекеттік қарыз қауіпсіз деңгейде ме
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінде 2024 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін таныстыру кезінде Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мемлекеттік борыш бойынша түсінік берді.

— Есепті жылы бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7 пайызды құрады. Бюджет тапшылығы негізінен ішкі көздер есебінен қаржыландырылды, — деді Д. Темірбеков.
Оның айтуынша, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік борыш 31,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге қарағанда 23,7 пайыз болды. Оның ішінде үкіметтік борыш жалпы ішкі өнімге шаққанда 22,4% немесе 30,1 трлн теңгені құрады.
— Мемлекеттік борыштың жоғарғы шегі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер үшін жалпы ішкі өнімге шаққанда 50 пайыздан аспайтын деңгейде белгіленгенін білесіздер. Қазіргі уақытта Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген борыштық индикаторлар рұқсат етілген мәндер аймағында тұр. 2025-2029 жылдарға арналған болжамдар мемлекеттік борыш лимиттен аспайтынын және жалпы ішкі өнімге 25%, ал үкіметтік борыш жалпы ішкі өнімге 22% деңгейінде болатынын көрсетіп отыр, — деді вице-министр.
Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік қарызға қатысты түсінік берді.