Елімізде орман өртін ерте анықтайтын жүйе енгізіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда орман өртін ерте анықтау автоматтандырылған жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев айтты.

— Жүйе орман алқаптарын үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді. Арнайы оптикалық датчиктер мен деректерді талдау алгоритмдері әртүрлі жағдайларда, соның ішінде таулар мен далада, тіпті ұзақ қашықтықта да өртті автоматты түрде анықтайды. Жүйеге жасанды интеллект біріктірілген, ол деректерді тіркеп, бірден ақпарат орталығына жібереді. Жүйе енгізілген учаскелерде бейнекамералар, деректерді беруге арналған антенналар, сондай-ақ деректерді өңдеу және электрмен жабдықтау жүйесі орнатылған, - деді ол ОКҚ алаңында.
Вице-министр атап өткендей, жүйе «Ертіс Орманы» табиғи резерватында және «Көкшетау» ұлттық паркінде іске қосылды. Осыған ұқсас жүйелер «Медеу» өңірлік паркінде, «Бурабай» ұлттық паркінде, Қостанай, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының орман мекемелерінде енгізілді.
— Өрт шығу қаупі басым орман шаруашылықтары анықталды, онда ҚР ТЖМ Командалық орталығына қоса отырып, жүйені кезең-кезеңімен масштабтау жоспарлануда. Сондай-ақ заң бұзушылықтардың алдын алу және адамдардың келіп-кетуін сараптау үшін Іле-Алатау, Шарын, Сайрам-Өгем, Баянауыл, Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің аумағындағы бақылау-өткізу пункттері автоматтандырылды, - деді вице-министр Нұрлан Құрмалаев.
Елімізде Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі жөніндегі Ұлттық деректер банкі құрылды.
Одан бөлек, биыл 5 мыңға жуық заңсыз қоқыс орындары анықталды.