Елімізде стихиялық қоқыс орындарын спутниктің көмегімен анықтап жатыр

Жомарт Әлиев
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Үйілген қоқыс орындары спутниктен түсірілген суреттер арқылы анықталды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлім етті.

«Біз бірнеше жылдан бері «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясымен жұмыс істеп келеміз. Компания спутниктен 50 шақырым радиуста елді мекендердің суретін түсіреді, соның көмегімен біз стихиялы қоқыстардың үйілген жері мен оның көлемін көре аламыз. Экологиялық инспекторлар жедел барып, стихиялық қоқыс тастайтын жерлерді жоюмен айналысады», - деді Жомарт Әлиев Қазақстанда қайталама шикізатты қайта өңдеу жөніндегі конференцияда. 

Министр орынбасарының айтуынша, былтыр жыл соңына қарай мамандар стихиялық қоқыс үйінділерінің 80% жойған. 

«Стихиялық қоқыс полигондарын толықтай жою немесе тоқтату мүмкін емес. Мысалы, азаматтар үйін жөндеген соң, құрылыс қоқыстарын қала сыртына шығарып тастай салады. Белгіленбеген жерлерге қоқыс шығарғаны үшін айыппұлды үнемі көтеруді көздеп отырмыз, себебі жауапкершілікті қатаңдату санкциялары өз жемісін береді», - дейді ол. 

Айта кетсек, елімізде тұрмыстық қалдықтардың 24% ғана сұрыпталып, қайта өңделеді

Сондай-ақ, Қазақстандағы 100 мың тонна пластиктің тек 3,5 мың тоннасы қайта өңделетін болып шықты.

Соңғы жаңалықтар