Елімізде терезе қымтау қызметінің құны қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Өңірлердің көбінде күн салқындап, пәтердегі терезелердің саңылауынан жел кіре бастады. Оны бітеу, бекіту қызметі қазір кең тараған. Пластикалық терезенің резеңкелерін ауыстырып, ілмегінің бұрауын келтіру қызметінің құны әр өңірде әртүрлі болып келеді.

терезе, жылыту
Коллаж: Kazinform/ Nano Bananа

Қыстың қамын ерте ойлаған адамдар әлдеқашан шеберді шақырып, терезе саңылауын қамтап қойды. Ал тағы бір тобы бұл шаруаны кейінге қалдырған. Қыс айлары енді басталатынын ескерсек, жұмысты ертеңге қалдырмаған абзал. Егер терезеден жел соғып тұрса, сізге жылу батареялары да көмектесе алмайды. Өз үйіңізде бүрсең қағып жүргіңіз келмесе, шеберді шақырып, қымтап алған абзал.

терезе, Сколько стоит утеплить окна к зиме в разных городах Казахстана
Коллаж: Kazinform/Nano Bananа

Елімізде жөндеу шеберлері бірнеше қызмет түрін ұсынады. Оған тұтқасын бекітіп, ілмегін қатайту, қажет болса тазартып, майлау және резеңкесін ауыстыру қызметтері кіреді. Терезе алдынан жел соғып тұрмауы үшін іштен және сырттан бекітеді. Ақысы қызмет түріне қарай төленетін болған соң тапсырыс бермес бұрын келісіп алған дұрыс. Мәселен, терезе дұрыс жабылмай тұр немесе жел соғады. Резеңкені ауыстыру үшін оның ұзындығын өлшеуге тура келеді. Көбіне 3-4 метр резеңке қажет болады. Ал ілмегінің бұрауын келтіріп берсе әр терезеге бөлек есептейді. Шеберді шақырған кезде ауыстыратын заттары туралы сұраған жөн. Кейде оны да бөлек сатып алуға тура келеді.

терезе, жылыту маусымы, Сколько стоит утеплить окна к зиме в разных городах Казахстана
Коллаж: Kazinform/Nano Bananа

Тағы бір ескере кетерлік жайт, жөндеу шеберлері әдетте төмен баға айтады. Кейін терезені, жақтауын, ілмегі мен резеңкені қарап, жаңа қызметтерді қосып, бағаны көтеруі мүмкін.

Терезелерді қымтау, жөндеу бағасы Көкшетау қаласында жоғары. Қыстың боранды және аязды күніне дайындау кезінде резеңкесін ауыстырса әр метріне 1 500 теңге төлейді. Терезе ілмегін тексеріп, қатайтып берсе кем дегенде 5 000 теңге сұрайды. Осы екі қызметті қосса 10 000 теңге алады. Жақтауларындағы саңылауды бекітіп берсе 1 500 – 2 000 теңге алады. Терезе сыртынан көбікті желім жақса қызмет құны 9 000 теңгеден басталады. Шеберлер жұмысты нақты бағамдағаннан кейін ғана шығынын айта алады. Шамамен бұл қалада қызмет құны 20 000 теңгеге шығады.

қымтау, баға
Фото: Kazinform/ Nano Bananа

Одан әрі Қостанай қаласы тұр. Терезе ілмегін жөндеу бағасы 4 000 теңгеден басталады. Резеңкесін ауыстыру кезінде әр метрі есептеледі. Жақтаудан жел соғып тұрса қымтау үшін метріне 2 000 теңге алады. Баға қала тұрғындары үшін қолжетімді болуы мүмкін. Алайда өзге өңірлермен салыстырғанда едәуір жоғары болып тұр. Қалада бір терезеге 15 000 – 20 000 теңге қажет болады. Астана қаласында да қызмет құны дәл осы шамалас. Бір терезені қымтап, жөндеу үшін орта есеппен 17 500 теңге қажет. Егер шеберді іздеп, саудалассаңыз баға да төмендейді. Қостанайға қарағанда жел өткізбейтін резеңкені ауыстыру бағасы төмен, ал ілмекті реттеу бағасы жоғары.

Ақтөбе, Өскемен мен Жезқазған қалаларында терезені қысқа дайындау үшін 15 000 теңге қажет болады. Шебердің жұмысына қарай баға да әртүрлі. Мәселен Ақтөбе қаласында терезе ілмегін реттеп берсе, 6 000 теңге алады. Өскеменде қызметтің бұл түрі екі есе арзан.

Алматы қаласында ілмекті жөндеу бағасы 5 000 – 7 000 теңге аралығында. Ал жел өткізбейтін резеңкені ауыстыру бағасы қолжетімді. Әр метріне 1 000 – 1 500 теңге сұрайды. Жақтауынан жел үргеп тұрса әр метрін 1 500 теңгеге бітеп береді. Дегенмен хабарландырудың көбінде бұл қызметтің құны 2 500 теңгеден басталады. Алматылық жөндеу шеберлері бір терезені 8 000 мың теңгеге, көп дегенде 20 000 теңгеге дайындап береді.

Шымкент қаласында бір терезені жөндеп, саңылауын бекіту жұмысына шеберлер 10 000 – 14 000 теңге сұрайды. Пластикалық терезе резеңкесінің метрін 560 – 1 500 теңгеге ауыстырады. Терезені ашып, жабуға арналған ілмекті 5 000 – 8 000 теңгеге жөндеп береді. Жел үрлеп тұрса 3 000 – 10 000 теңгеге бекітеді. Ал шебер тазартып, майлап беру қызметін 1 000 – 2 500 теңгеге бағалайды.

Еліміздің солтүстігінде және оңтүстігінде орташа баға тіркелді. Терезені жөндеу, қыстың боранды күніне дайындау үшін 10 000 – 11 000 теңге қажет. Дегенмен кейбір қызмет түрінің бағасында айырмашылық бар. Петропавл қаласында жақтауды бітеу қызметінің әр метрі 4 000 теңгеден басталады. Қарағанды мен Павлодар қалаларында ілмектің ілімін келтіріп, жөндеу бағасы 4 000 теңгеден басталады. Пластикалық терезе резеңкесін ауыстыру, жақтауды бекіту бағасы да осы шамалас.

Тараз қаласында терезе жөндеу бағасы – 4 000 – 10 000 теңге. Орал, Атырау, Қонаев, Ақтау мен Түркістан қалаларында орташа баға – 6 000 – 9 000 теңге аралығында. Тарқатып айтар болсақ, ақтаулықтар Оралға қарағанда терезе ілмегін реттеуге екі есе аз ақша төлейді. Баға бірінде 1 750 теңге болса, екінші өңірде 4 000 теңге. Резеңкені ауыстыру, жақтауды бекітуде әр метрі 1 000 – 1 200 теңге болады. Орал қаласында осы екі қызмет түрінің бағасы өзге өңірге қарағанда жоғары.

Семей қаласында терезені қысқа қамдау бағасы 4 000 – 10 000 теңге болып тұр. Ілмекті жөнге келтіру қызметінің құны – 3 500 теңге, жел жібермейтін резеңкені ауыстыру, жақтауды бекіту үшін әр метріне 1 000 – 1 500 теңге есептеледі.

Қызылорда қаласында баға төмен. Терезе ілмегін реттеуге шамамен 3 000 теңге алады. Ал резеңкенің метрін 1 000 – 1 200 теңгеге ауыстырады. Бір терезеге шамамен 5 000 – 8 000 теңге жеткілікті.

Қазіргі кезде ең төмен баға Талдықорған қаласында болып тұр. Мұнда жел өткізбеуге арналған қызметтер үшін 4 000 – 6 000 теңге алады. Ал екі қызметті бөлек есептесе әр метріне 1 000 – 1 500 теңге есептеп береді. Ілмектің ілімін келтіру құны шамамен – 3 000 теңге.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан қалаларындағы жылытқыштың бағасы туралы жазған едік.