Елімізде тұқым сапасы қалай тексеріледі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Диқандар жылына екі рет тұқым сапасын тексеріп алуы тиіс. Күз және көктемде. Сапасы арнайы зертханаларда тексеруден өтсе ғана оның шығымын болжауға мүмкіндік бар. Kazinform тілшісі Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы тұқым сапасын тексеріп беретін, талдау жасайтын мамандармен кездесті.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Тұқыммен қатар топырақты да зерттеген дұрыс

«Қазақстан аграрлық сараптамасы» АҚ Ақтөбе филиалында 9 зертхана бар. Оның екеуі жұмысын тоқтатты. Зертхананың төртеуі Батыс Қазақстан, қалған үшеуі Ақтөбеде орналасқан.

Қазіргі кезде өңірдегі 525 ауыл шаруашылығы құрылымының тек 185-і ғана тұқымды тексертіп алады.

Ауыл шаруашылығы басқармасы тапсырыс берсе, жұмыс 025 және 045 бағдарламалары аясында тегін жүргізіледі. Ақтөбеде 11 300 зерттеу жүргізілсе, онда бірнеше аудан шаруасының үлесі бар.

Ал Батыс Қазақстан облысында 9 554 зерттеу жүргізіледі. Жұмыстың қомақтысы Теректі ауданы мен Орал қаласының өзінде атқарылады.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Экспортқа шығарылатын астыққа да технологиялық сараптама жасалады. Дәннің ылғалдылығы, дақыл желімтегінің сапасы, бидайдың түсу саны, яғни, а-амилаза ферментінің белсенділігі анықталады. Топыраққа агрохимиялық талдау да жүргізіледі. Ол кезде фосфор, калий, күкірт, нитратты азот пен органикалық заттың мөлшері анықталады. 2023 жылдан бастап қоймаларды өңдейміз. Жыл сайын өзгеріс байқалады. Тұқым сеппес бұрын тексертіп алатындар саны артып келеді. Бұл диқандарға керек дүние. Кейбірі егіні шықпай қалып, ренжіп келеді. Сәйкестік пайызы 99% болса элита, ал 80% кем болса шығымы аз болады. Негізі тұқым сапасын көтеру үшін тұқым шаруашылығы жақсы жұмыс істеуі керек. Ақтөбе облысында «Құмқұдық» және «Дилэнд» ЖШС бар. Осы шаруашылықты қолға алған шаруалар тұқымды өзгелерге тарата алады. Сонымен бірге тұқымның шығымын анықтау үшін сынақтан да өткізеді. Ақтөбе облысында осы істі қолға алған 5 шаруашылық бар, — деді «Қазақстан аграрлық сараптамасы» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Марат Құспанов.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Дақылды техникалық талдау

Диқандар жиған астықты экспортқа шығаруды жоспарласа алдымен оның сапасын тексертіп алады.

«Қазақстан аграрлық сараптамасы» АҚ Ақтөбе филиалы талдау орталығының жетекшісі Жұлдыз Тұрғанбаеваның айтуынша, мамандар алдымен қолға алған үлгінің жалпы жағдайын қарайды.

Екі келілік дәнді сүзгіден өткізіп, бірнеше талдауға дайындайды.

лаборатория
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Дәннің салмағы өте маңызды. Салмағы неғұрлым ауыр болса, сапалы болғаны. Ал жеңіл болса, кебегі көп, дәннің де ұсақталып қалғаны. Егер оны электронды түрде өлшесе салмағы нақты болмайды. Әрі Қазақстан мен ТМД стандарты бойынша арнайы гір тасы қолданылады. Бұл сенімді әрі дәл келеді. Эспортқа шығарылатын бидайға техникалық талдау жасалады. Ылғалдылығы, салмағы, дақыл желімтегінің сапасы, бидайдың түсу саны анықталады. Жұмыс тамыздан желтоқсан айына дейін қызу жүреді. Қыста көп шаруа демалыс жариялап, уақытты өткізіп алады, — деді ол.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Дұрысы қыста қоймадағы тұқымның сапасын тексеру қажет. Кейде оның кері әсері бар.

— Кейбір диқан қыс айларында қоймада сақтаған тұқымын көктемде сатпақ болады. Бірақ көктемде оның ылғалдылығы артып, сапасы төмендеуі мүмкін. Егер оған дейін әкеліп тексертсе біз кептіру, орнын ауыстыру, қопсыту туралы айтып, бағыт-бағдар берер едік. Шаруа қожалықтары, ірі серіктестіктер, элеватор қожайындары қыста бұл жұмысқа мән бермейді. Дәл осыны талап ету керек деп есептейміз. Сатушы немқұрайлы болғанымен сатып алушы үшін бұл маңызды. Сондықтан болар сатып алушылар ғана зертханалық талдау жасап беруге сұраныс береді, — дейді «Қазақстан аграрлық сараптамасы» АҚ Ақтөбе филиалы талдау орталығының жетекшісі Жұлдыз Тұрғанбаева.

Талдау жасайтын мамандар шаруаларға үлгіні қалай алу керек екенін де айтады. Егер сол заңдылық сақталса, нәтижесі дәл шығады.

Ал егер бір бүйінінен ғана алып, үлгісін тапсырса, кейін сәйкес келмеуі мүмкін.

дән тұқым
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Тұқым сапасын екі рет тексереді

Экспорттан бөлек ішкі нарықта қолданылатын тұқым сапасы да тексеріледі. Тұқым зертханасы екі кезеңді қамтыса, нақты талдау шығады.

— Егін орағы аяқталған соң, яғни тамыз-желтоқсан айлары аралығында алдын ала талдау жасалады. Онда тұқымның ылғалдылығы, массасы, өнімділігі және зиянкестердің бар-жоғы тексеріледі. Ал ақпан-наурыз айларында толық анализ жасалады. Ол кезде тазалығы толық тексеріледі. Бір айта кетерлігі, алдын ала анализ жасайтын кезде диқандар үлгіні тазартпай әкеледі. Тұқым шок жағдайында тұрғанда өнімділігін анықтаймыз. Кейін қоймада өзгеріске ұшырауы мүмкін. Сапасы артып, кейде түсіп кетеді. Екеуін де жоққа шығаруға болмайды, — дейді бас тұқым сарапшысы Камила Нағымова.

а
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

Тұқымның үш класы болады. Біріншісінде 95-98 пайыз, екінші класта 92-94 пайыз, ал үшіншісінде 90- 91 пайызды көрсетуі тиіс.

Үшінші кластың шығымы аз болуы мүмкін. Одан төмені қауіпті. Ал элита дегеніміз — 99-100 пайыз.

дән тұқым
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

— Бидай үшін 60 тонна бір үлгі деген сөз. Бір үлгіге 1 келі дән әкеледі. Тарыда 20 тоннаға 500 грамм үлгісін әкеледі. Оны екіге бөлеміз. Біріншісіне 400 дана дән керек. Іріктеп алған 400 дананы екіге бөліп, бір пішінге егеміз. Оны 5-10 күн бақылаймыз. Екінші бөлігіне 500 данасын іріктейміз. Онда салмағы өлшенеді. Дәнді дақылмен бірге картоп, майлы дақыл, бұршақ дақылдарын да тексеріп береміз. Мал азығы дақылдарын да талдаудан өткіземіз. Кейінгі кездері майлы дақылдар талдауы көбейді. Көбі импорт үлгі, — дейді Камила Нағымова.

Еске салсақ, былтыр 1 млн тонна көлемде бұршақ дақылдарының және 4,7 млн тонна көлемде майлы тұқымдардың рекордтық өнімі алынған еді.  

дән
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум