Елімізде ұлттық киім бағасы қанша
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақтың ұлттық киімінің бағасы еліміздің өңірлерінде әртүрлі. Базарда сатылатын киім бірінде арзан, ал екіншісінде қымбат болып тұр. Оның ішінде эксклюзивті киімнің құны жоғары, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Көктем туа адамдар мерекелік көңіл-күйге бөленіп, ұлттық киімге сұраныс артады. Сонымен бірге кейінгі кездері көпшіліктің ұлттық киімге деген қызығушылығы еселенді. Еліміздің өңірлерінде баға әртүрлі. Талдау үшін шапан, қамзол және тақияны таңдап, дизайнердің қолынан шыққан үлгінің де бағасын білдік.
Ерлер шапаны
Ер адамдарға арналған оюлы қысқа шапан қазір әр үйден табылады. Еліміздің өңірлерінде оның бағасы әртүрлі. Ер арзаны Ақтөбе мен Шымкент қалаларында сатылады. Мұнда баға - 7 000 - 8 000 теңге, ал Қызылордада 5 500 теңге болып тұр.
Жалпы ел бойынша шапан бағасы орта есеппен 15 000–80 000 теңге аралығында. Мұндай бағаны Қарағанды, Павлодар, Көкшетау және Түркістан қалаларынан табуға болады.
Ең жоғары баға Ақтау қаласында. Мұнда шапанды 250 000 теңгеге сатып алуға болады. Семейде 200 000 теңге, сондай-ақ Алматы мен Жезқазғанда 180 000 теңгеге дейінгі бағаны ұсынады. Өскеменде баға 170 000 теңгеге дейін жетті.

Әйелдер қамзолы
Әйелдер қамзолына таңдау көп. Матаның сапасы мен дизайнер үлгісіне қарай құны өзгеріп отырады. Оюлы кестені өзі тікесе бағасы да жоғары болады.
Ақтөбеде 7 000 теңгеден, Түркістанда 5 000 теңгеден басталады. Бұл еліміз бойынша ең төмен баға. Көптеген өңірлерде ең төменгі баға 8 000–20 000 теңге аралығында.

Орташа баға - 20 000–60 000 теңге. Бұл баға Орал, Петропавл, Тараз және Талдықорған қалаларында тіркелді.
Ең қымбат қамзол Семей мен Қарағандыда сатылып жатыр. Баға 200 000 теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар Астана, Алматы және Өскемен қалаларында баға 150 000 теңгеге дейін барады.

Тақия бағасы
Ұлттық киімдердің басқа түріне қарағанда тақия бағасы қолжетімді. Дегенмен мұнда да өңірлік айырмашылық бар.
Ең төмен баға Ақтөбеде. Бағасы - 500 теңге. Көкшетауда шамамен 1 500 теңгеден, ал Шымкент пен Қызылордада 1 500–2 000 теңгеден басталады.
Ел бойынша орташа баға 2 000–10 000 теңге аралығында. Атырау, Павлодар және Тараз қалаларында дәл осы бағада сатылады.
Ең жоғары баға 15 000 теңгеге дейін жетеді. Астана, Алматы, Қарағанды және Жезқазған қалаларында баға осындай.
Жалпы қорытынды
Қазақстанда ұлттық киімге таңдау жоғары. Сапасына сай құны да өзгеріп отырады. Бағаға тұрғындардың табысы, туристердің сұранысы да әсер етеді. Дизайнерлердің ұсынысы мен шеберлердің қолынан шыққан бұйым да қазір бағаға әсер етеді.
Базардағы баға көпшілікке қолжетімді, ал шебер қолынан шыққан киім бағасы150 000–200 000 теңге және одан жоғары.
Бұған дейін Kazinform агенттігі ұлттық тәттілердің баға индексін жариялаған болатын.