Елімізде жәшік ұстап, ақша жинайтындар әлі де бар
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Автобус ішінде жәшік ұстап жүрген еріктілерді, автотұрақ пен жол бойында арзан тауар ұсынып, тілдей хабарлама қалдырған бейтаныс адамдарды және дүкен ішіндегі жәшіктерді әлі де кездестіруге болады. Kazinform тілшісі қайырымдылық қор жұмысы мен адамдардың оларға деген көзқарасын білді.

Еліміздегі қайырымдылық қорлар мен заң талаптары
Еліміздегі ірі қайырымдылық қорлар Мемлекеттік қызметтер және онлайн ақпарат порталында тіркелген. Ашық ақпарат көзіндегі деректерге сүйенсе, қор қызметі әлеуметтік, ғылыми, шығармашылық, білім беру, мәдениет, тұрғын үй және халықаралық болып 6 бағытқа бөлінеді. Ең көбі әлеуметтік бағыт болып тұр. Мұнда 30-дан астам қайырымдылық қор тіркелген. Ал ең азы — тұрғын үй бағыты. Бар болғаны екі қор тіркеулі.
Ал «Қайырымдылық туралы» Заңы 2015 жылы қабылданды. 7 тарау, 32 баптан тұратын заңда қайырымдылық ұйымның құқықтары мен міндеттері анық жазулы тұр. Заңда «жылына бір реттен сиретпей орындалған қайырымдылық бағдарламасы туралы есепті бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) қайырымдылық ұйымының интернет-ресурсында жариялауға міндетті. Есепте қайырымдылық бағдарламасын орындау шеңберіндегі кірістер мен шығыстар, қол жеткізілген мақсаттар туралы қысқаша ақпарат қамтылуға тиіс», — деп жазылған.
Сонымен бірге қайырымдылық ұйым өз қызметі туралы ақпарат таратып, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыра алады. Қаржы да жинауға құқылы. Қайырымдылық ұйымды елімізде ҚР Әділет министрлігі тіркеп, жарғысын да бекітеді.
Еріктілер жәшікке түскен ақшаның 30-35% алады
Қазіргі кезде Ақтөбе қаласында кейбір ірі сауда орталықтарының алдында, қоғамдық көлік ішінде жәшік ұстап жүрген жастарды кездестіруге болады. «Көптен көмек, бізден үлес!» деп басталатын ақпарат парақшасында сал ауруына шалдыққан баланың фотосын, оның дәрігерлік анықтамасын, анасымен байланысу үшін телефон нөмірін және банктің QR кодын көруге болады. Демек адамдардың тек жәшікке емес, банк есепшотына да ақшаны тез аударуға мүмкіндік жасап қойған. Мұндағы еріктілер қоғамдық көлікке еркін кіріп, жолақысын төлемей-ақ бір аялдамадан соң түсіп қалады. Содан соң тағы екіншісіне ауысып мінеді. Ақпараттың рас-өтірігін тексеру үшін байланыс нөміріне хабарласқанымызда қайырымдылық қордың жетекшісімен таныстық. Өзін Фарида деп таныстырған басшысы қазір Алматы қаласында ем қабылдап жүргенін, таяуда Ақтөбеге келетінін айтты. Көп сұрағымыз жауапсыз қалғанымен қор ақша жинап жатқан отбасының байланыс нөмірін берді.

— Әр қалада ерекше ұл-қыздары бар аналардың ортақ топтары бар. Өздері хабарға шығады. Еріктілер құжатта жазылған бойынша түскен қаржының 30-35% алады, — деді қор жетекшісі.
Қорға өтініш жасаған Ақмарал Жағалтаева Қызылорда облысында тұрады. Ол ерекше балалары бар аналардың тобында айтылған ақпарат бойынша қорға хабарласып, көмек сұрағанын растады. Әрі қордың жетекшілерін танымайтынын, бұған дейін жүзбе-жүз көрмегенін, ал ақша банк картасына аударылатынын жеткізді. Демек бәрі қашықтан атқарылады. Оған қажетті құжаттар — жеке куәлік, туу туралы куәлік, баланың денсаулығы туралы анықтама және видео дәлел.
— Балам қазір 15 жаста. Туа бітті сал ауруы диагнозы қойылған. Денесі құрысып қалады, талма ауруына да шалдықты. Ташкентте емделу үшін бұрын 500 мың теңге жететін. Қазір одан 20-30% жоғары. Сауықтыру шарасы жыл сайын жасалса, ем жақсы қонады. Бірақ қалтаға ауыртпалық түсіріп тұр. Сондықтан қор көмегіне жүгіндім. Былтыр алдым, биыл да ұсынысымды қабылдады. Қаржы аударып, ем алып келген соң видео есеп береміз. Қордан алған соманы, ем түрін айтамыз. Біз бір-бірімізді көрмедік, тек телефон арқылы сөйлесіп отырмыз. Бір ай қорға ақша жинайды, қанша түсті, сонша береді. Жиналған ақшаның бір бөлігін еріктілерге, жалға алатын кеңсеге төлейді екен, — деді ерекше баланың анасы.
Әрине, сенбей, анасының телефон нөмірін сұрап алып, хабарласатындар бар. Бірақ өте сирек. Соның ішінде тілшілер де ақпараттың шынайылығын тексеріп алады.
— Қор бұрын Алматыда болды. Мұндай қор көбейіп кеткен соң Ақтөбеге ауысқанын айтты. Қаржы да аз жиналған екен. Талап бойынша бір ай ғана ақша жинап, аударады. Нақты сомасы белгісіз. Қанша жиналады, соны аударады. Белгілі бір соманы айтып, «сонша ақша керек еді» деп өтініш беремін. Бірақ одан аз немесе көп болуы ықтимал. Мен де қорға сенбей, күмәнмен қарадым. Кейін сұрап, біліп, хабарласқан едім. Бізге бір жәрдемақы жетпеген соң осы қадамға бардық, — деді Ақмарал Жағалтаева.
Оның айтуынша, қайырымдылық қордан, блогерлерден көмек сұрап, әлеуметтік желіде өзі де табыс табуға тырысады.
Кәсіпкерлермен кездесіп, жәшікті өзім қойдым — ақтөбелік тұрғын
Ал 12 және 15 жастағы балаларына арнап қайырымдылық жәшігін орнатқан ақтөбелік тұрғын Мейрамбек Тулеуовтің айтуынша, жұрттан ақша жинау үшін алдымен ірі супермаркет иелерімен кездесіп, өтініш айтқан. Дәл осы жолмен 2018 жылдан бастап жәшік қойған. Оны ай сайын өзі жинап алады.

— Бір айда бір жәшіктен 500-1000 теңге жиналатын кез де болады. 3-4 жәшіктен 15-20 мың теңге жиналады. Қазір адамдар қолма-қол ақша ұстамайды, көбі QR-ға ауысып кеткен. Таяуда бір супермаркет ішіндегі жәшікті таппай іздедік. Сұрастыра келе алып тастағанын білдік. Себебін нақты айтпады. Ал қор арқылы жылына бір рет ақша жинауға болады. Олар жәшікке салынған ақшаның 20 пайызын ұстап қалады, — деді Мейрамбек Тулеуов.
Оның айтуынша, ақша сенімсіздіктен емес, адамдардың қолға ақша ұстамайтынынан аз түсіп жатыр. Ал QR код қою үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, іс жүргізіп, есеп беру керек. Бұл жұмысты арттырады.
Мүгедектігі бар адамдарға қордан да көмек керек — Гүлмирам Сражова
Қайырымдылық қоры туралы сұрағымызды «DARIYA» мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Гүлмирам Сражоваға да қойдық. Ол бірлестікте қаржы жиналмайтынын, бірақ кейде артықшылық беретінін айтты. 2005 жылы елімізде алғашқылардың бірі болып «Біз біргеміз» акциясын өткізеді. І топ мүгедегі әрі жалғызбасты анаға Ақтөбе қаласынан үй алуға ақша жинады. Ол кезде 16 000 доллар ақша жиналып, жетпегенін әкімдікке айтып, жаңа пәтерді төмен бағада алуға мүмкіндік туды. Сонымен бірге арбаға таңылған әншіге көмектесу үшін қайырымдылық концерт ұйымдастырылды. Ол қаржыға үй салды.

— Қор арқылы үй алып, баспаналы болған адамдар кейде бізге жаңалықты бөліспейді. Арлана ма, білмеймін. Кейде жағдайы тым нашар адамдар болса, біз қайырымдылық қорына өтініш жасап, айтамыз. Олар көмектеседі. Кейде бұқаралық ақпарат құралдарына өтініш айтып, проблеманы ашық көтереміз. Оның да көмегі бар. Менің ойымша, ақша жинайтын қордың бар ақпараты ашық болуы керек. Кейбірін біз білмей жатамыз, атын естімегенбіз. Біржақты пікір айту қиын. Бір анығы — қорды, оның жұмысын білген соң ғана ақша аударған дұрыс. Ал мұқтаж адамға ол қорлардың көмегі керек. Себебі мемлекеттік кепілдендірілген көмек бар. Онда қаржы шектеулі. Мәселен протез жасаған кезде біз өзіміз таңдаймыз, бірақ ұсыныстан да жақсысын жасатқымыз келсе қалтамыздан қосымша ақша шығаруға тура келеді. Сол кезде қордың көмегі бар, — деді Гүлмирам Сражова.
Айта кетейік, Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі биыл қандай да бір қайырымдылық қорға қатысты шағым түспегенін хабарлады.
Еске салсақ, былтыр Ақтөбеде «More Life» қоғамдық қорының директоры 44 млн теңгеге жуық қаржыны иемденіп, сотта жауап беруден бас тартты. Сотталушы 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіргенімен, үкім өзгеріссіз қалды.