Елімізде жер үйді төтенше жағдайдан сақтандыру міндеттелмек
АСТАНА. KAZINFORM — Бірқатар өңірде жер үйлерді төтенше жағдайдан сақтандыру міндеті енгізілмек. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев мәлім етті.

— Қазір Азиялық даму банкі және дүниежүзілік банкпен бұл жобаны әзірлеп жатырмыз, яғни төтенше жағдайда жер үйлерді сақтандыруды енгізу. Кім қанша төлейді, қазір белгісіз, өйткені, есеп жүргізіледі, мүмкін 5 мың теңге, мүмкін нашар үй болса, жылына 1 мың теңге төлейді. Бірақ, судың астында қалса, жер сілкінісі болса, өтемақыны сақтандыру арқылы ала алады, — деп жауап берді Қанат Бозымбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазір жер үйлерді сақтандыру мәселесі сарапшылармен талқыланып жатыр.
— Ешқандай шу-дау күтілмейді, өйткені, үлкен, қымбат жер үйдің иесі жылына 50 мың теңге көп емес, ал ауылдағы қарапайым жер үйге жылына 1-2 мың теңге болады, одан жоғары болмайды деп ойлаймын, көп болса 5 мың теңгеге шығады. Бұл міндетті болады, бірақ тек төтенше жағдайлар қаупі бар өңірлерде ғана, — деп толықтырды вице-премьер.
Бұған дейін Қанат Бозымбаев Ақтау маңындағы ұшақ апатының салдарын анықтау жұмысына қатысты соңғы мәліметпен бөліскен еді.