Елімізде жүргізушілерді даярлайтын ұйымдарды бақылау күшейеді
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Жол жүрісі мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер жол жүрісі қауіпсіздігін арттыруға, жүргізушілерді даярлаудың сапалы жүйесін қалыптастыруға және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған.
Осы мақсатта жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органға (ІІМ) жүргізушілерді даярлау қызметін жүзеге асыратын оқу ұйымдарына рұқсат беру және олардың қызметіне кейіннен бақылау жүргізу жөніндегі өкілеттіктер беріледі.
Жыл сайын 140 мыңнан астам азамат алғаш рет жүргізуші куәлігін алады. Қазіргі уақытта жүргізушілерді даярлаумен 819 оқу ұйымы айналысады. Тағы бір өзгеріске сәйкес, электр самокаттарының тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Себебі олар жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді.
2025 жылы елімізде электр самокаттары жүргізушілерінің кінәсінен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 149 адам жарақат алған.
Түзетулермен «Жол жүрісі туралы» Заңнан елдімекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлік құралын тұраққа қоюға тыйым салу нормасы алып тасталады, автоматты түрде құқық бұзушылықтарды тіркейтін камераларды қолдану аясы кеңейтіледі, сондай-ақ электромобильдер үшін арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері енгізіледі.
Барлық өзгеріс жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жол жүрісіне қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.