Еліміздегі арнайы экономикалық аймақтар инфрақұрылымының дайындығы қандай деңгейде
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына орай еліміздегі арнайы экономикалық аймақтар инфрақұрылымының дайындық деңгейіне қатысты мәліметтермен бөлісті.
— Қазіргі уақытта елдің 14 өңірінде 17 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) жұмыс істейді, оның үшеуі 2025 жылы құрылған. Барлық АЭА аумағының жалпы ауданы шамамен 140 848,2 гектарды құрайды. АЭА инфрақұрылымын салуға бүкіл кезеңде жұмсалған жиынтық шығыстар — 427,5 млрд теңге. АЭА инфрақұрылымының орташа дайындығы — 53,3 пайыз, — деді Олжас Бектенов.
Оның мәліметінше, 17 арнайы экономикалық аймақтың ішінен:
— үш АЭА-да инфрақұрылым дайындығы 100 пайыз («Инновациялық технологиялар паркі» (ИТП), «Оңтүстік» және «Хоргос — Шығыс қақпасы»);
— тоғыз АЭА-да инфрақұрылым дайындығы 50-95 пайыз («Сарыарқа», «Астана — Жаңа қала», «Jibek Joly», «Хоргос МЦПС», «Turan», «Павлодар», «Ақтау теңіз порты», «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» (ҰИМХТ), «QYZYLJAR», аталған АЭА аумағында коммуникациялар мен инженерлік желілердің негізгі бөлігі қазірдің өзінде тартылған);
— бес АЭА-да инфрақұрылым жоқ немесе құрылыстың бастапқы сатысында («Alatau», «Ақтөбе», «Қорқыт Ата», «Атырау», «Астана-Технополис»).
— Үкімет АЭА-ны инфрақұрылымдық қамтамасыз ету қажеттігіне үнемі талдау жүргізіп тұрады. Өңірлік деңгейде объектілердің дайындығын бақылауды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жалпы қажеттілік 1 116,8 млрд теңгені құрайды. Инженерлік инфрақұрылымға уақтылы қосу және инвесторларға әділ қолжетімділік беру мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында, — деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін Олжас Бектенов Президенттің «Алатау» ИТП» АЭА аумағындағы жоғары технологиялық өндірістерді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексергенін жазған едік.