Еліміздегі балабақшаларда ілкі жоба іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM – «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» деп аталатын жоба бүлдіршіндерді еңбексүйгіштікке тәрбиелеуді және олардың қабілетін жетілдіруді мақсат етеді. Ол жөнінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында толығырақ мәлімет берді.
– Еліміздің әр өңірінен 5 мектепке дейінгі ұйым (3 мемлекеттік, 2 жекеменшік), барлығы 100 мектепке дейінгі ұйым (62 мемлекеттік, 38 жекеменшік) қамтылды. Пилоттық жобаға қатысатын мектепке дейінгі ұйымдар білім басқармаларының ұсынысымен таңдалды. Жобаға 100 мектепке дейінгі ұйымның басшылары, 134 әдіскері және 652 тәрбиеші, 8456 бала (4 жастағы балалар – 4494, 5 жастағы балалар – 3962) қатысады, – делінген хабарламада.
Жоба барысында бүлдіршіндер қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, қарапайым дағдыларды меңгереді. Моншақтан, фольгадан, матадан, теріден, жүннен және т.б. материалдардан түрлі бұйымдар жасайды. Сазбалшық, тас, ағаш, қамыс, ермексаз, гипс тәрізді заттардан шағын мүсіндер дайындайды. Қыз балалар жеміс пен көкөністен салат пен тәттілер әзірлейді. Сондай-ақ балалар мамандардың көмегімен осы секілді т.б. тапсырмаларды орындайды.
– Бұл жобаны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаменті, «Балаларды ерте дамыту институты» РММ, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім басқармалары, облыстық әдістемелік орталықтар (кабинеттер), мектепке дейінгі ұйымдар жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді, – делінген ресми хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, аталған пилоттық жобаны жүзеге асыруға бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Ол биыл желтоқсан айында аяқталады. Бүлдіршіндердің нәтижелері, педагогтердің ұсыныстары ескеріліп, алдағы уақытта еліміздегі барлық балабақша бағдарламасына енгізілуі мүмкін.
Еске салайық бұған дейін 2027 жылдан бастап балабақшаларды лицензиялауға дайындық қалай жүріп жатқаны жөнінде жазғанбыз.