Еліміздегі барлық білім ордасы заманауи «Келешек мектептеріне» айналады – министр

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы 3 жылда елімізде апатты немесе ескі мектеп қалмауы тиіс. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкасында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.

Еліміздегі барлық білім ордасы заманауи «Келешек мектептеріне» айналады – министр
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

– «Жайлы мектептер» қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін толыққанды шешуге бағытталған, бұған дейін болмаған теңдессіз әрі ең ұтымды ұлттық жобалардың бірі деп есептеймін. Бүгінде осы мектептердің құрылысына байланысты бүкіл өңірде жұмыс қолға алынғанын көріп отырмыз. Жоба арқасында қазір 100-ден аса үш ауысымды мектеп мәселесі шешіліп, 30-дан аса апатты мектеп жойылды. Мұнан бөлек, оқушы орны тапшылығы бар 200-ден аса мектептің де мәселесі түбегейлі шешілді. Жалпы, биыл күтетін үлкен нәтижеміз – ұлттық жоба негізінде үш ауысымды мектеп мәселесін толықтай күн тәртібінен алып тастау, - деді ол.

Министрдің айтуынша, 2019-2020 жылдары алдағы 5 жылдан кейін елмізде 1,5 млн-ға жуық оқушы орны тапшылығы болатындығы айтылып, оны шешу үшін 1 мың мектеп салу мәселесі көтерілген. Осыдан кейін Президент тапсырмасымен бұл мәселе шұғыл қолға алынып, соңғы 6 жылдың ішінде мыңнан астам мектеп салынған және 1,5 млн-нан аса оқушы орны пайдалануға берілген. Сонымен қатар ол «Жайлы мектеп» жобасы аясында 217 мектеп салынып, 460 мың оқушы орны қамтамасыз етілетінін атап өтті. 

– Бүгінде мектептер барлық заманауи талапқа сай салынып жатыр. Биылдың өзінде 105 мектеп пайдалуға берілді. Жылдың соңына дейін тағы 112 мектеп пайдалануға берілмек. Қазір осы мектептердің құрылысы жүргізіліп жатыр, кейбірі аяқталуға жақын. Мектептердің инфрақұрылымы өзгеше, 21 ғасырдың жаңа заманауи талаптарына сай. Дегенмен, оның ішкі мазмұнын да ретке келтіру бағытында жұмыс басталып кетті. Бұл мектептерлі ерекше басқару қажеттілігі де туындап отыр. 217 мектептің ішкі мазмұнын да, сапасын да заманауи деңгейге жеткізу үшін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанында осы мектептерді басқаратын жүйе құрылып жатыр. Аталған жүйе негізінде мектептердің ішкі мазмұны, оның кадрлық саясаты, басқару стилі басқарушылық топтың қолында болады, - деді Ғани Бейсембаев.

Министр аталған 217 мектептің моделі негізінде еліміздегі қалған 8 мың мектептің жағдайын жақсарту жұмыстары қолға алынған.

– Жыл сайын мыңнан аса заманауи кабинет қалған мектептерге сатып алынып жатыр. Оның үстіне жыл сайын күрделі жөндеуден 300-ге жуық мектеп өтеді. Президент пәрменімен 1 300 мектепті қайта жаңарту бағдарламасы қолға алынып жатыр. Оның аясында қалған мектептердің барлығын заманауи деңгейге жеткіземіз. Яғни, 3 жылдың ішінде елімізде апатты немесе ескі мектеп қалмауы тиіс. Олардың барлығы заманауи деңгейге жеткізілуі керек. Түпкілікті жетістік – әркімнің үйінің жанындағы мектеп ең мықты мектеп саналуы қажет. «Келешек мектептеріміз» заманауи соңғы талаптарға жауап беретін мектептердің қатарына қосылуы керек.

Бүгінде мектептердің оқу процесіне оңтайлы өзгерістер енгізу, басқару стилін заманауи деңгейге жеткізу және мұғалімдерді де заман талаптарына сай оқыту қолға алыған. Қазір бұл мектептердің құрал-жабдықтары заманауи болғандықтан, онда қызмет ететін мұғалімдердің қарым-қабілеті мен сол оқу-құралдармен жұмыс істеу дағдысын да шыңдауымыз қажет. Қазіргі дейін 3 мың мұғалім арнайы дайындықтан өтті. Бұл мектептердің ең үлкен ерекшелігінің бірі – әрбір балаға қолжетімді және әрбір баланың жеке қарым-қабілетін ескере отырып, оның тұлға болып қалыптасуына толыққанды көмектесетін жайлы да қолайлы орта қалыптастыру, - деді Ғани Бейсембаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елордалық оқушыларға сынып сағатын өткізгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар