Еліміздегі басты ақпарат агенттігінің қазақ редакциясы қалай құрылды – Жарылқап Бейсенбайұлымен сұхбат

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Kazinform агенттігінің құрылғанына 105 жыл толып отыр. Осынау атаулы датаға орай «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің ардагері, Қазақ редакциясының 1997-2011 жылдар аралығындағы бас редакторы, белгілі жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарылқап Бейсенбайұлын сөзге тартқан едік.

Жарылқап Бейсенбайұлы
Коллаж: Kazinform

– Жарылқап аға, сұхбатымызды ең алдымен ҚазАқпараттың Қазақ редакциясына бас сарашы болып келуіңізден бастасақ. Білуімше, сол кезде Ақпарат және қоғамдық келісім министрі болған марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы ҚазАқпаратқа ауысу туралы ұсыныс айтқанда, біраз тартыншақтаған екенсіз. Ақпарат агенттігінің Ақмолаға көшетінін білгендіктен, Алматыны ма, әлде өзіңіз негізін қалаған «Ана тілі» газетін қимадыңыз ба?

– Ол 1997 жылғы қараша айының соңы еді. Ақпарат министрлігі ол кезде Ақмолаға қоныс аударып кеткен. Министр оқта-текте Алматыға соққанда, ескі астанада қалған республикалық ақпарат құралдары бас редакторларымен жұмыс орайындағы кездесулер өткізіп тұратыны бар-ды. Бір күні түстен кейін: «Сізді министр қабылдауына шақырып жатыр», – деген хабар жетті. Айтылған уақытында министрліктің Алматыдағы бұрынғы ғимаратында орналасқан филиал-кеңсесіне бардым. Алтынбек ініміз әңгімені көп созған жоқ. «Сізді жаңа құрылған Қазақ ақпарат агенттігі, яғни бұрынғы ҚазТАГ-қа қазақ редакциясының бас сарашысы қызметіне тағайындағанды жөн көріп отырмыз», – деді. Талай жыл газет тірлігі маңында жүрген маған ҚазТАГ қызметі жақсы таныс. Ол Кеңес одағы кезінде, ТАСС агенттігінің Қазақстандағы бөлімшесі ретінде, Мәскеу көсемдері мен өзіміздің компартия басшыларының ұзын-сонар баяндамалары мен басқа да орысша материалдарды іле-шала қазақшаға аударып отыратын, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да сол дағдысынан көп айни қоймаған, әуелден-ақ оның қазақ бөлімін негізінен мықты тәржімешілер басқаруға тиіс, деп есептелінетін ірі ақпарат мекемесі болатын. Сол себепті де министрдің тосын ұсынысына таң қалған күйі, бірден: «Мен аудармашы емеспін ғой», – деппін. Алтынбек бір жымиды да: «Сіз ол жерге аудармашы ретінде бармайсыз, мүлдем жаңа тұрпатты қазақ редакциясын жасайсыз. Тікелей қазақша ақпарат дайындауды бастайсыздар. Ол жер әлі күнге дейін аудармамен ғана отыр. Сол олқылықты жөндеуіңіз керек. Одан әрі жаңа астанаға көшесіздер», – деді.

Мен болсам, өзім тұңғыш санынан бастап шығарып келе жатқан «Ана тілі» апталығын қиғым жоқ. «Сегіз жылдай жөргегінен мәпелеген төл перзентім ғой, мен негізінен газетте ғана істегенмін, осы салаға әбден бейім сияқтымын, орнымда қала берсем дұрыс болар еді», – дегендей уәждерімді айтқаныммен, министр көнетін сыңай танытпады. «Сонда сіз ҚазТАГ-тың бұрынғы компартия кезіндегідей, осыған дейін орыс тілінің жетегінде келе жатқанына намысыңыз келмей ме? Өзіңіз де ұлт пен тіл мүддесі үшін күресіп жүрген жоқсыз ба?», – деген кезде, шегінерге жер қалмады. Бір сәт, бұдан әрі қасарыса бергеннен не ұтамын, бәрібір министрліктің құзырындағы газет, ертеңгі күні «Ана тілін» қаржыландыру жағына қауіп төнуі, әртүрлі тосқауылдардың туындауы әбден мүмкін ғой, деген әлдебір түйткілдің де санамда жүйткіп өткенін жасырып қайтейін...

Жарылқап Бейсенбайұлы
Фото: Kazinform

– Сіз ҚазАқпаратқа бас сарашылыққа келген тұсқа дейін ақпараттың дені орыс тілінен қазақшаға аударылып берілгенін айтып отырсыз. Сіресіп қалған бұл сеңді бұзу біраз қиындық тудырған шығар... Тілшілерді қалай жасақтай алдыңыз? Көтерілер тақырыпты жан-жақты, толыққанды беретін газет үрдісінен кейін, жаңалықты жылдам жариялауға тырысатын ақпарат агенттігінің жұмысын алғашқы кезде қалай үйлестірдіңіз?

– Бұрынғы ҚазТАГ-тың қазақшасы – негізінен аударма материалдар болды десек те, бұл агенттік сол қыруар дүниені жоғары шеберлікпен тәржімалаудың қас үлгісін көрсетіп кеткен талай қадірлі қайраткерлеріміздің ізі қалған құтты ұя. Біз көріп үлгерген, кезінде И. Гончаровтың «Обломов», М. Шолоховтың «Тынық Дон», О. Бальзактың «Шегірен былғары» романдарын және басқа да соқталы шығармаларды шұрайлы тәржімелеген Хасен Өзденбаевтай ғажайып қаламгер осында аудармашы болып істеген. Одан бері мұнда әр жылдары қазақ руханиятында өзіндік сүбелі орны бар Жүсіп Алтайбаев, Кәкімжан Қазыбаев, аударманың қас жүйріктері Жұмағали Ысмағұл, Нұрмахан Оразбек, т. б. бірқатар қолтаңбалары дара ағаларымыз еңбек етті. Осындай тұлғаларымыз басқа да тіл білгірлерімен, сөз зергерлерімен бірлесе отырып, қазақ терминологиясының толыққанды қалыптасуына зор үлес қосты. Баспасөз құралдарында істейтін тісқаққан журналистердің өздері де, жұмыс барысында әлдебір орысша жаңа терминдер мен сөздер ұшыраса қалса, «мұны ҚазТАГ қалай аударар екен» деп сол жаққа қарайлап та отырушы еді...

Әлбетте, ҚазАқпарат агенттігі қайтадан құрылып, қазақ редакциясы жаңадан іске кірісті десек те, бұл онда орысшадан аудару со бойы тоқтап қалды дегенді білдірмейтін. Кей маңызды материалдар, баяндамалар, шет ел жаңалықтары, бірқатар облыстардан келетін ақпараттарды орыс тілінен аудару үзілген жоқ. Оларды тәржімалаумен – бұрыннан осы жұмыспен тікелей айналысып келе жатқан Амангелді Жақсыбек, Ислам Бейсебай, Шәкизада Құттаяқ, Нұрлан Қами сияқты шебер аудармашылар әрі қарай атқарып жатты. Мен келгеннен кейін тікелей қазақша ақпарат дайындайтын журналистер қызметке алынды. Ана тіліміздегі материалды қазақтың құнарлы, жатық тілімен жеткізу жағына мән беру талабы қойылды. «Ана тілі» газетінде жүргенде, қазақша ақпарат дайындауды жүйелеуге қатысты, біраз ізденістер жасалған болатын. Сол іс ҚазАқпараттың қазақ редакциясында әрі қарай өз жалғасын тапқандай болды. Алайда, агенттіктің Астанаға көшу қамына кірісуіне байланысты, бұл іс Алматыда көп өріс таба қоймады. Елордада ҚазАқпарат қызметкерлеріне үй беру жағдайы көзделмегендіктен, журналистердің санын шектеп қана ұстауға тура келіп, агенттіктің жаңа тынысының ашылуы, ол негізінен арқа төсіне қоныс аударғаннан кейін ғана жүзеге асты.

ҚазАқпараттың орталық кеңсесі Астанаға 2000 жылдың көктемінде көшіп келіп, журналистер құрамы түгел дерлік қайтадан жасақталды. Негізінен жас тілшілерден құралған жаңа толқын ақпарат дайындауға қойылатын талап үрдістерін тез игерді. Жүрдектікке жұмылды. Ол жылдары жиналыстар мен іс-шаралардың әлі де орыс тілінде өтуі азаймай тұрса да, қазақ редакциясының сарбаздары телефонмен жедел түрде хабар беруде қанаттастарынан оза шауып жүрді. Бұл жайтты ақпарат тұтынушылар тарапы да жылдам аңғарды. «ҚазАқпарат хабарлайды» деген сөз тіркесі эфирлер мен экрандардан, баспасөз құралдарынан жиі көрініс бере бастады. Сайтымызға кіріп, ақпаратымызды пайдаланушылар саны да күрт артты. Сол кездері қызмет еткен Айбын Шағалақ, Ернұр Ақанбай, Қанат Тоқабай, Айдар Оспаналы сияқты жүрдек ақпаратшыларға ілесе келген, Марлан, өзің бар, Арман Асқар, Руслан Ғаббас, Гүлмира Әлиакпар бар, редакторлық қызмет атқарған Амангелді Жақсыбек, Сайлау Абылай, Ерлан Қадыр ағаларың, және т. б. бар, бәрің қазақ редакциясының өсіп-өркендеуіне мүмкін-қадерлеріңше үлес қостыңдар, деп білемін.

Жарылқап Бейсенбайұлы
Фото: Ақорда

 

– Өзіңізге белгілі, қазақ тілді əліпбидің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуі қамтамасыз етілуі тиіс-ті. Алайда, жоғары деңгейде қабылданған шешім болғанымен, бұл жұмыс кешеуілдеп жатыр. Ал ҚазАқпарат 2004 жылдың өзінде-ақ, Сіздің бастамаңызбен, қазақ тілді жаңалықтарды латын әліпбиімен тарататын сайт ашып қойған еді. Мұндай бастамаға кезінде тосқауыл қоюға, кедергі келтіруге тырысқандар болды ма?

– Қазақ редакциясының 21 ғасырдың басында іске асырған маңызды тірлігінің бірі – 2004 жылдың сәуір айының өзінде-ақ мемлекеттік тілдегі жаңалықтарды елімізде тұңғыш рет латын қарпімен таратуды жүзеге асырғаны еді. Бұл идеяның өмірге келуіне – атажұрттың әр хабарына сусап, ынтығып отырған шет елдердегі қандастарымызға Қазақстан жаңалықтарын қалай жеткізсек екен деген жанашырлық мүдде түрткі болған-ды. Қытайдағы қалың қазақ төте араб жазуын, ал Еуропа, Түркиядағы қандастарымыз латыншаны пайдаланатындықтан, олар біз қолданып жүрген кирилл әрпін танымайды. Іргедегі Өзбекстан да бірден латыншаға көшіп кеткендіктен, ол елдегі қазақтың кейінгі толқыны өз-өзінен латын қарпінде сауат аша бастады. Яки бұрынғы кирилл әріпті сайтымызға қоса, шеттегі қандастарымыз үшін Қазақстан хабарларын латыншамен дереу жеткізіп тұрудың да тиімді болары анық еді. Осы мақсатқа орай, қазақ редакциясы өз бастамасымен қолға алған тірлікті, ана тіліміздің дамуына қырын қарайтын кей басшысымақтардың іштей қарсылық жасап, «қазақ редакциясының беделі артып кететін болды», деп тосқауыл қойғысы келгеніне қарамастан, мемлекеттік тілдегі жаңалықтарды автоматты түрде тікелей латынша әріпке ауыстыратын арнайы бағдарлама жасау арқылы түйіндеп, 2004 жылғы 14 сәуірінен латынша сайтты толыққанды қалыпта іске қоса алды.

Латыншаға өту – бүгінгі күнге дейін ел назарындағы елеулі мәселелердің қатарында саналып отырғандықтан, сол кезде «ҚазАқпараттың» қай латыншаны таңдағанын білу де қызықты болар. Біз бұл тұрғыда соған дейін дайындалып үлгерген, 1993 жылы әуелі «Ана тілі», кейіннен «Егемен Қазақстан» газеттерінде жарияланған академик Ә. Қайдардың нұсқасын (бір-екі әрпіне ғана өзгеріс енгізу арқылы) негізге алғанды жөн көргенбіз. Агенттікте жүзеге асырылған бұл латынша соңыра мамандар арасында «ҚазАқпараттық нұсқа» деген атпен танылып кетті. Аталмыш бастама дүниеге келісімен, қазақ тілді оқырмандарымыздың саны күрт артып, латын қаріпті жаңалықтар желісі әлемге тарыдай шашылып кеткен барша қазақ жұртшылығы іздеп оқитын сайтқа айналды.

– Бүгінде Қытайдағы қандастарымыздың рухани мұқтаждығының орнын толтырып отырған төте жазу редакциясын ашу идеясы қалай туындады? Жаңа редакция ҚазАқпараттың БАҚ-тағы беделін қаншалықты көтере алды?

– «ҚазАқпараттың» мемлекеттік тіл аясын кеңейту мүддесін көздеген игі бастамасы латынша жобадан кейін де әрі қарай сабақтаса жалғасты. Ол Қытайдағы 2 миллионға жуық, Иран мен Ауғанстандағы әлденеше мың қазақты атажұрт жаңалықтарымен таныстыруды көздейтін төте араб жазу сайтының ашылуы еді. Бұл мәселе қазақша жаңалықтарды латыншамен таратуды қолға алған кездің өзінде ойда жүрген шаруа болатын. Алайда, араб қарпінің жеке тұрғанда және бір сөз ішінде (басында, ортасында, соңында) әртүрлі таңбаланатындығы, яки латынша сияқты бірден автоматты түрде ауыстыруға келмейтін ерекшелігіне байланысты, бұл іс сәл күрделілеу секілді көрінген. Сөйтсек, Қытайдағы компьютерлік технологияны жетік меңгерген қандас мамандарымыз, бұл істің де жүйелі жолын тауып қойған екен. «ҚазАқпаратқа» тәжірибеден өтуге келген Еуразия университетінің журналистика факультетінің студенті Бақытжол Кәкештен осы жаңалықты естіген замат, ол жігітті жұмысқа қабылдау мәселесінің дереу шешіліп, төте жазу сайтын ашу ісі тікелей басталып кеткенін өзің де білесің. Сол жылы қосынымызға келіп қосылған жас жұрналшы Ризабек Нүсіпбекұлы екеуіне осы сайтты жүргізу тапсырылды. Осылайша 2009 жылдың қазан айында агенттіктің қазақ тіліндегі материалдары әлемге төте жазумен де таратыла бастады. Бұл бастама интернетті кеңінен пайдаланып отырған қытай қазақтары үшін ақпараттық, рухани мұқтаждықтарының орнын толтыруға айтарлықтай көмектесті. Сайт ашылғаннан кейін, шеттегі қандастарымыздан «ҚазАқпарат» қолға алған маңызды жоба олардың ана тілінен ажырамай, тарихи отанымен рухани байланысын күшейтуге зор септігін тигізгені туралы көптеген алғыс хаттар келіп түсті.

«ҚазАқпараттың» ана тіліндегі оқырмандар санын күрт арттырған төте жазу жобасы, соңыра одан әрі дамытылып, сол төте жазумен шығатын «Қазақ руханияты» атты әдеби, мәдени, елтану порталын ашуға ұласты. Бұл жоба да Қытай мен Ирандағы қазақ диаспоралары және сол елдерден келген қандастар үшін үлкен рухани қолқабыс болды. Порталда қиырдағы қазақ үшін аса қажетті «Қазақ тарихы», «Әдебиет пен өнер», «Ұлттық салт-дәстүрлер», «Әңгіме әлемі» (Қазақ әңгімелерінің антологиясы), «Жеті ғасырдың жыр желкені» (Қазақ поэзиясының антологиясы), «Балауса» (балалар әдебиеті) секілді әртүрлі айдарлар ашылды.

– Бүгінгі журналистикадағы жас буынға көңіліңіз тола ма? «Әттеген-ай» дерлік кемшіліктері болса, оны түзету үшін қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Қазір ақпарат құралдары да, жұрналшылық факультеттері де көп. Сонда да маған қазіргі БАҚ саласында кадр тапшылығы сезілетіндей көрінеді. Жазу шеберлігімен, ерекше ізденгіштігімен, жан-жақты біліктілігімен байқалатын жас толқынның қатары селдір сияқты. Әлде мен байқамай жүрмін бе… Жан-жақты білімділік жағы да ақсап жататындай. Жас жұрналшылар қазақ әдебиетін терең біле бермейді, тарихқа қызықпайтындай. Өздері көтеріп отырған тақырыптарын жан-жақты зерттемей, зерделемей, жай долбармен айта бергенді айып көрмейтіндей.

Мәселен, терминологиялық аудармаларға қатысты ел арасында ауық-ауық тілге тиек боп жүретін: «балкон» – «қылтима», «фонтан» – «шаптырма» түрінде бекітіліп кетіпті, дейтін қауесет сөзді дап-дардай БАҚ құралы тілшісінің айтып тұруы әдеттегі жағдай боп қалды. Ал сол тілші терминологиялық комиссияның бұл аталымдарды ешқашан да бекітпегенін білмейді. Оны тексеріп алуды қажет деп те таппайды. Әрі елді шатастырады. Өкінішке қарай, мұндай мысалдар жетерлік, қайсыбірін айтарсың.

Жұрналшы ең алдымен өзінің жазар, айтар сөзінің қате болмауына назар аудару керек емес пе? Құдайға шүкір, қазір мүмкіндік мол ғой. Ғаламторды ашып қалсаң, неше түрлі анықтамалық дәйектер толып жатыр! Әлбетте, бұл ретте редактордың өз басына да жүктелер міндет жетерлік. Ол да әр нәрсеге «бұл қалай?» дегендей күдік-күмәнмен қараса, сарашы, сарапшы ретінде мұқият болса дейсің…

– Қазір немен айналысып жатырсыз? Шығармашылығыңызда алдағы уақытта оқырмандарыңызды қуантарлық сүйінші жаңалығыңыз бар ма?

- Жас келгеннен кейін жазу да саябырсиды екен. Бұдан үш жыл бұрын бес томдық шығармалар жинағым жарық көрген. Содан бері Алтын Орданың соңғы кезеңі, 14 ғасырда Хорезм аймағында ірге көтеріп, отыз жыл шамасындай ғана билік құрған, этникалық үдерісі қазақ халқының тарихымен тығыз сабақтасып жатқан, жәуһар мәдениет мен өркениет қалдырған ортағасырлық ұлыс туралы ғылыми монографияны қаузап жүрмін. Ол әлі бітпегендіктен, пәлен деп айта алмаймын. Жарық көріп жатса, естисіздер ғой...

- Жарылқап аға, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге көп рақмет! Қолға алған ғылыми монографияның қалың оқырманыңыздың қолына тезірек тиюіне тілектеспіз. Қаламыңыз мұқалмасын!

Соңғы жаңалықтар